Астанада журналистің микрофонын тартып алған әйелдің кәсібі тоқтатылды

Астанада журналистің микрофонын тартып алған әйелдің жүргізіп отырған кәсібі тексерілді.
Даудың басы
Әлеуметтік желіде Астанадағы кондитерлік цехта түсірілген видео тарады. Видеоны цехтің иесі жариялаған. Желі қолданушылары цехта санитария талаптары сақталмағанын, кәсіпкердің қызметкерлерге қарым-қатынасы дұрыс емес екенін сынаған.
Содан кейін мән-жайды білу үшін «7 арна» тілшілері цех маңына барған. Журналистер видео түсіріп жатқан кезде кәсіпкер әйел тілшінің қолындағы микрофонын тартып алған. Содан кейін оқиға орнына полиция келіп, кәсіпкерге әрекеті үшін 86 мың теңге айыппұл салды. Микрофонды қайтармақ болған операторға да 86 мың теңге айыппұл салынған.
Тексеріс жүргізді
Содан кейін Астананың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті азаматтардың өтініштері негізінде «Samsa food» аспаздық цехын жоспардан тыс тексерді.
Тексеру барысында санитариялық қағидалар талаптарының бірнеше рет бұзылғаны анықталған.
«Қызметтің басталғаны туралы хабарлама берілмеуіне байланысты объектінің қызметіне тыйым салынды. Міндетті медициналық қарап-тексеруден өтпеген жұмыскерлер жұмыстан уақытша шеттетілді», – деп хабарлады департамент.
Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес айыппұл салынды. Заңда кәсіпкерлік субъектілеріне 210 АЕК (908 250 теңге) салынатыны көрсетілген.