«Ауыл аманаты»: ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға 150 млрд теңге қаржы бөлінген

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға 150 млрд теңге қаржы бөлінген
Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға 150 млрд теңге қаржы бөлінген / Фото: Shutterstock

«Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылған күннен бастап бүгінге дейін ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауға 150 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында айтты.

Бағдарлама 2023 жылы іске қосылды. Бүгінге дейін 150 миллиард теңге қаржы бөлініп, ауылдарда 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.

«Әрине, бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ басты мәселе – сол 22 мың жұмыс орны қазіргі таңда сақталды ма? Қалай десек те, осы жобаның аясын әлі де кеңейте түсу қажет», – деп атап өтті президент.

Айтуынша, цифрлық сауда алаңдарының және банктер мен логистикалық компаниялардың мүмкіндіктері ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін қолжетімді болуы керек.

«Аты бөлек, бірақ мазмұны ұқсас» бағдарламалар көбейіп кетті

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қатысты «аттары бөлек, бірақ заттары бірдей» бағдарламалар тым көп болып кеткенін айтты.

«Мәселен, қазірдің өзінде «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады. Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл – заңды сұрақ. Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек», – деді президент.

Мемлекет басшысы үкіметке ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды.

«Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қажет. Ең бастысы, бұл жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек. Бұл мемлекет қаржысын үнемдеу қажеттілігіне тікелей байланысты мәселе», – деді Тоқаев.

Айта кетейік, Қазақстан соңғы жеті жылда агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын екі есе арттырып, оның көлемін 7 млрд долларға жуықтатты. Өңделген өнімнің экспорттағы үлесі 52%-ға жетті.

Сондай-ақ оқыңыз