Қазақстанда мұнай өнімдерін міндетті таңбалау 2028 жылы енгізілуі мүмкін

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Қазақстанда мұнай өнімдерін міндетті таңбалау 2028 жылы енгізілуі мүмкін
Мұнай өнімдерін таңбалау 2028 жылы енгізілуі мүмкін / фото: Серикжан Ковланбаев

Қазақстанда жанар-жағармайды көлеңкелі айналымнан және көрші елдерге заңсыз тасымалдаудан қорғау үшін арнайы химиялық маркерлер қолданыла бастайды. Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператордың басшысы Бикеш Құрманғалиқызы Kursiv.Media тілшісіне жүргізіліп жатқан пилоттық жобаның барысын түсіндіріп өтті.

Оның айтуынша, мұнай өнімдерін таңбалау ең күрделі жұмыстардың бірі. Себебі көлеңкелі нарық қатысушылары маркерді жасыруға немесе жоюға тырысатыны анық. Осыған байланысты жобаға халықаралық технологиялық компаниялар тартылған.

Қазіргі уақытта пилоттық жоба Павлодар мұнай-химия зауытында жүргізіліп жатыр. Бүгінде ауыл шаруашылығына арналған 300 тоннадан астам субсидияланған дизель отыны таңбаланып, оның мақсатты жұмсалуы бақылауға алынған.

Мұнай бағасына әсері және енгізу мерзімі

Таңбалау технологиясы жанар-жағармай бағасының өсуіне себеп болмауы тиіс.

«Мұнай өнімдерінің бағасы — өте сезімтал әлеуметтік мәселе. Таңбалауға байланысты бағаны өсіре алмаймыз. Сондықтан технология барынша қолжетімді болуы үшін экономикалық есептеулер жүргізіліп жатыр», — деді спикер.

Жоспар бойынша барлық тәжірибелер мен есептеулер 2027 жылдың бірінші жартысында аяқталып, нақты көрсеткіштер үкіметке ұсынылады. Ал міндетті таңбалау жүйесі 2028 жылы іске қосылуы мүмкін.

Жүйені жеделдетуге не себеп?

Бикеш Құрманғалиқызының айтуынша, үкімет пен президент әкімшілігі бұл процесті тездетуді талап етіп отыр. Оған көршілес елдердегі отын тапшылығы себеп болған. Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарындағы шектеулер мен өндірістің қысқаруынан кейін, бұрын ресейлік отынға тәуелді болған Қырғызстан сияқты көрші елдерде тапшылық туындаған.

Айтуынша, осының нәтижесінде Қазақстаннан бензин мен дизельді заңсыз әкету «индустриясы» пайда болған.

«Кейбір тұлғалар жеңіл көліктердің артқы орындықтарын алып тастап, орнына 500 литрлік қосымша бактар орнатып, отандық жанармай құю бекеттерінен арзан отынды шекара асырып жатыр. Міндетті таңбалау осындай «сұр» экспортты тоқтатып, ішкі нарықты отын тапшылығынан және бағаның күрт өсуінен қорғауға бағытталған», – деді спикер.

Айта кетейік, елімізде бензинді автомобиль, теміржол және басқа да көлік түрлерімен сыртқа шығаруға тыйым салынған.

Сонымен бірге жанар-жағармай өнімдерін Қазақстан шекарасынан көрші елдерге заңсыз тасымалдайтындардың қатары көбейіп кеткендіктен шетелдік ірі жүк көліктері мен жеңіл машиналардың Қазақстанға кіруіне шектеу қойылды.

Сондай-ақ оқыңыз