Қостанай облысында Ресей шекарасында 100 астам жүк көлігі жиналды

Қостанай облысындағы Ресеймен шекаралас «Қайрақ» автомобиль өткізу пунктінде 100-ден астам жүк көлігі кептелісте тұр.
«Наш город» ақпаратына сүйенсек, жүргізушілер шекарада тәулік бойы күтуге мәжбүр: түнде қозғалыс мүлдем тоқтап, күндіз көліктер өте баяу өткізіледі. Сондай-ақ, олар электронды кезектегі орын үшін 5000 теңге төлейтіндерін, ал белгіленген уақытта шекарадан өтіп үлгермесе, кезек күйіп кетіп, қайта алуға тура келетінін айтып шағымданды.
Қостанай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті 20 қараша күні сағат 16:00-дегі жағдай бойынша пунктте 100-ден астам жүк көлігі жиналғанын растады. Ведомство мұны өткізу пунктіндегі қайта құру және жаңғырту жұмыстарымен түсіндірді. Жаңа нысандар салынып, қоршаулар орнатылғандықтан, елден шығу жолақтары тарылған.
«Бұрын бір мезетте пунктке 30-35 жүк көлігі кірсе, қазір 10-15 көлік қана өтеді. Нәтижесінде өткізу қабілеті 50–70%-ға төмендеді», – деп хабарлады МКД.
Департамент мәліметінше, әр көлік инспекциялық-тексеру кешенінен өтеді, бұл орта есеппен 10-15 минут уақыт алады. Күн сайын елден шығу бағытында шекарадан 300-350 жүк көлігі өткізіледі.
Ведомство көліктерді негізсіз кідірту деректері жоқ екенін атап өтіп, жағдай ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп бақылауда тұрғанын жеткізді.