
Қазақстандық әнші Мақпал Исабекова 4 жыл декреттік демалыста немен айналысқанын айтып берді. Айтуынша, үлкен ұлы төрт жаста, ал қызы екіде. Zamandas студиясында әнші осы уақыт ішінде қандай қиындықпен бетпе-бет келгенін айтты.
«Төрт жыл бойы декреттік демалыста болдым. Екі бала дүниеге әкелдім. Енді ғана айналама қарап, «Не болып жатыр? Не жаңалық? Киноға түсейік, ән айтайық!» деп жүрмін.
Баламен үйде отырамын деп шешкен де өзім. Өйткені салыстырмалы түрде кеш босандым. Қоғамда әйелдер ерте босануы керек деген түсінік бар. Мен ұлымды 38 жасымда, қызымды 40 жасымда дүниеге әкелдім. Сол себепті олардың қалай өсіп, қалай өзгеріп жатқанын көргім келді. Балаға күтім жасауға көмекшім де болмады, тек ұлым 9 айлық болған кезде ғана алдым», – дейді Мақпал Исабекова.
Айтуынша, бұрыннан көп балалы ана болу деген арманы бар.
«Тағы екі бала дүниеге әкелгім келеді. Уақыттың өтіп бара жатқанын түсінемін, бірақ қазір 45 жаста да босануға болады ғой. Жас деген жай сылтау ғана. Ажырасып кеттім», – дейді әнші.
Мақпал Исабекова босанғаннан кейін депрессияға түскенін айтып өтті. Сөзінше, бұрынғы күйеуімен Шымкентте танысқан. Тұрмыс құрғаннан кейін әнші Алматыда қалған, күйеуі Шымкентте тұрған. Бала босанған кезде де күйеуі келіп-кетіп жүрген. Осыдан екі жыл бұрын екеуі ажырасқан.
Әнші кейінгі уақытта сериалдарға түсіп жүргенін айтады. Арасында басты рөлді сомдаған кезі де болған. Басты табыс көзі – концерттерге қатысу және киноға түсу.