Словакияда Қазақстанның төрт азаматы ұсталды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: shutterstock

Словакияда Қазақстанның төрт азаматы ұсталды. Ақпаратты Қазақстанның сыртқы істер министрлігі растады, алайда олардың не себепті ұсталғанын нақтыламады. 

Словакияның TN Live телеарнасының мәліметінше, оқиға Тренчин қаласында болған.

«Азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр, олардың туыстарымен байланыс орнатылды. Жағдай министрліктің бақылауында», – деп хабарлады СІМ.

TN Live телеарнасының хабарлауынша, бес жас жігіт жергілікті тұрғынды іздеген. Олар одан ақша талап етпек болған деген болжам бар.

Телеарна мәліметінше, жігіттер жергілікті тұрғынның үйіне барып, өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Содан кейін үйді тінтуге кіріскен. Кейін ер адамды тауып, ұрып-соққаны айтылды.

TN Live мәліметінше, полиция күдікті бес адамның төртеуін ұстаған, ал біреуі қашып кеткен. Олар – жергілікті университетте оқыған 18 бен 21 аралығындағы жастар. 

Ұсталғандардың бірінің адвокаты Мартин Бурай TN Live телеарнасына берген сұхбатында оларға бопсалау мақсатында адам ұрлады деген айып тағылғанын айтты.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің шетел түрмелерінде шамамен 880 қазақстандық жазасын өтеп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз