Тоқаев Ливан президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ливан президенті Джозеф Аунға елдің Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы Ливан президенті мен ел халқын ұлттық мерекесімен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев достық пен өзара түсіністікке негізделген Қазақстан мен Ливан арасындағы ынтымақтастық екі елдің мүддесі үшін одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
Сондай-ақ президент Джозеф Аунға жауапты қызметінде табыс, ал Ливан халқына бақ-береке мен амандық тіледі.
Ливан тәуелсіздігін қашан алды?
Ливанда Тәуелсіздік күні жыл сайын 22 қарашада атап өтіледі. 1943 жылы дәл осы күні француз билігі ел конституциясынан Франция мандатына қатысты ережелерді алып тастағаны үшін қамауға алынған Ливан басшыларын босатқан.
Биыл Ливан тәуелсіздігінің 83 жылдығын атап өтіп жатыр.
Қазақстан мен Ливан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылғы 20 сәуірде орнатылды. 2004 жылы Қазақстан Бейрутта дипломатиялық миссиясын ашты. Ал 2021 жылғы желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев оның мәртебесін елшілік деңгейіне көтеру туралы жарлыққа қол қойды.
2026 жылғы қазанда Қазақстанның Ливандағы елшісі Расул Жұмалы мен Ливанның экономика және сауда министрі Амер Бисат екі ел арасындағы сауда және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылаған болатын.
Кездесуде ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу, азық-түлік қауіпсіздігі, туризм және логистика салаларындағы ықтимал бірлескен жобалар қарастырылды. Тараптар жұмыс байланыстарын жалғастыруға келісті.