Алматы тұрғынының үйінен тұтас қару-жарақ арсеналы табылды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Алматы тұрғынының үйінен тұтас қару-жарақ арсеналы табылды / Фото: Алматы полициясы

Алматыдағы жеке тұрғын үйлердің бірінен көп мөлшерде қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіленді. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады.

Күдікті заттар «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған. Тінту кезінде тәртіп сақшылары үйден:

  • автоматқа ұқсас үш затты;
  • пулемет пен гранатаны;
  • тапаншаларды;
  • қылыштар мен пышақтарды;
  • ондаған оқ гильзаларын тапты.

Полиция қызметкерлері арнайы сараптаманы қажет ететін барлығы ондаған затты тәркіледі. Үй иесінің айтуынша, ол бұл «коллекцияны» әр жылдары интернет-алаңдар арқылы және Алматы базарларының бірінен сатып алған.

Сараптама қорытындысы тәркіленген заттардың бір бөлігі макет екенін көрсетті. Дегенмен олардың арасынан атуға жарамды нағыз қарулар да табылды. Атап айтқанда, винтовка, жауынгерлік патрон және суық қару анықталды.

Аталған дерек бойынша полиция қару мен оқ-дәріні заңсыз сақтау және айналымға түсіру фактісімен қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ оқыңыз