Дақылдарды қайта өңдеуге 20,7 млрд теңге субсидия бөлінді

Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарын қайта өңдеуге тапсырған фермерлерге берілетін субсидия көлемі биыл 20,7 млрд теңгені құрады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл тетік отандық шикізатты қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізуді ынталандыруға және фермерлердің өнімін ел ішінде өткізуге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
«Мемлекеттік қолдау сүт өңдеу саласына да көрсетіледі. Атап айтқанда, сары май, ірімшік және құрғақ сүт өндіретін кәсіпорындардың шикізат сатып алу шығындары субсидияланады. Бұл мақсатқа жыл сайын шамамен 20 млрд теңге бөлінеді. Бұдан бөлек, қайта өңдеу кәсіпорындары үшін қосылған құн салығы бойынша қосымша есепке жатқызуды қоса алғанда, салықтық ынталандыру шаралары сақталған»,- деді Хатепова үкімет сағатында.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерге электр энергиясына сараланған тарифтер қолданылады. Сондай-ақ азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөніндегі меморандум жасалған жағдайда электр энергиясының тарифін 20%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік бар.
Вице-министрдің сөзінше, қайта өңдеу кәсіпорындарының тұрақты жұмыс істеуі үшін оларды ауыл шаруашылығы шикізатымен уақытылы қамтамасыз ету маңызды. Осы мақсатта мемлекеттік қаржыландырумен қатар, қайта өңдеушілердің фермерлерге тікелей аванс беру тетіктері де қолданылады.