Ауыл шаруашылығына бөлінген 1,1 млрд теңге субсидия жымқырылды

Түркістан облысында 1,1 млрд теңге ауыл шаруашылығы субсидиясы жымқырылды. Күдікті іс жүзінде әкелінбеген 37 суару машинасына жалған құжат рәсімдеп, бюджет ақшасын өзіне қарасты компаниялардың шотына аударып отырған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті ауыл шаруашылығы техникасын алуға бөлінген 1,1 млрд теңге субсидияны жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті субсидияларды жымқыру схемасын ұйымдастырып, техника жеткізуші, лизинг беруші және мемлекеттік қолдау алушы ретінде әрекет еткен коммерциялық ұйымдарды өз бақылауына алған.
«Күдікті «Агрохолдинг Туркестан» және «JMJ-Агро» ЖШС арқылы 81 жаңбырлатып суару машинасын сатып алуға субсидия алу үшін өтінімдер рәсімдеген. Лизинг беруші ретінде күдіктінің бақылауындағы «АгроПромЛизинг» микроқаржы ұйымы әрекет еткен. Бюджет қаражаты осы ұйымның арнайы шотына аударылған», – деп түсіндірді агенттік.
Алайда 37 жаңбырлатып суару машинасы іс жүзінде жеткізілмеген және орнатылмаған. Соған қарамастан, міндеттемелердің толық орындалғаны туралы жалған мәліметтер көрсетілген қабылдау-тапсыру актілері рәсімделген.
Кейін бюджет қаражаты күдіктінің бақылауындағы ұйымдардың шоттарына аударылған.
Нәтижесінде мемлекетке 1,1 млрд теңге көлемінде залал келтірілген.
Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр.