Павлодар тұрғыны полиция бөлімінің мүлкін қиратып, 5 тәулікке қамалды

Павлодар қаласының тұрғыны полиция бөлімінің ғимаратындағы мүлікке 200 мың теңге көлемінде залал келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол бес тәулікке қамауға алынды.
Оқиға 1 қараша күні таңғы сағат бес шамасында Лермонтов көшесінде орналасқан Солтүстік полиция бөлімінің ғимаратында болған. Сот анықтауынша, бөлімшеге жеткізілген азамат мемлекеттік мүлікті қасақана бүлдірген. Атап айтқанда, ол:
- жұмыс үстелін;
- компьютердің мониторы мен процессорын;
- жеткізілген және ұсталған азаматтардың жеке заттарын сақтауға арналған шкафты;
- дабыл түймесін;
- кабель-арналарды, кіруді бақылау және басқару жүйесінің автономды контроллерін, қуат көзі блогын қиратып, сымдарды үзіп тастаған.
Келтірілген жалпы материалдық шығын 200 мың теңгені құрады. Сот отырысында полиция инспекторы хаттамада көрсетілген деректерді растап, шығын көлемі туралы анықтаманы ұсынды.
«Сотта ер адам өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін білдірді. Құқық бұзушылықтың мән-жайын, жасалған уақыты мен орнын дауламады», – делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ол келтірілген шығынды өтеуге міндеттелді. Сот оны кінәлі деп танып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енді.