
Астаналық 23 жастағы актер Диас Қалдыбеков Голливудтың танымал «Аштық ойындары» (The Hunger Games) франшизасының жаңа бөліміне түсті.
Қазақстандық актер «Аштық ойындары» (The Hunger Games: Sunrise on the Reaping) фильмінде Англер (Angler) есімді кейіпкерді сомдаған. Фильм америкалық жазушы Сьюзен Коллинздің 2025 жылы жарық көрген аттас романының желісі бойынша түсірілген.
Туындыға Диас Қалдыбековпен бірге Рэйф Файнс, Джесси Племонс, Эль Фаннинг және басқа да танымал актерлер қатысқан.
Диас әлеуметтік желідегі парақшасында түсірілім барысынан фотосуреттер жариялады. Кадрларда оның фильмдегі гриммен түскен бейнесін, сондай-ақ түсірілім тобының өзге мүшелерімен бірге тұрғанын көруге болады.
Актер бейнежазбаларының бірінде түсірілім кезінде кездескен қиындықтары туралы да айтқан. Оның сөзінше, рөлін сомдау барысында көп айқайлауға тура келген.
«Даусым қарлығып барады. Өте көп айқайладым», – деді ол.
Фильмнің Қазақстандағы премьерасы 19 қарашада өткен.
«Аштық ойындары» – Сьюзен Коллинздің шығармалары негізінде түсірілген әлемге танымал кинофраншиза. Оның оқиғалары болашақтағы Панем мемлекетінде өрбиді. Жаңа бөлім франшизаның басты кейіпкерлерінің бірі Хеймитч Эбернатидің жастық шағына арналған.