Қытайда семіріп кеткен кәрі қабылан диетаға отырмайтын болды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
reddit.com, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қытайдағы хайуанаттар бағында артық салмақ жинаған қабыланды жасына байланысты диетаға отырғызбау туралы шешім қабылданды.

Бұл туралы мекеме өкілі Чжан Сунвэнь Red Star News басылымына мәлімдеген.

Әңгіме Сычуань провинциясының Паньчжихуа қаласындағы Паньбаобао есімді қабылан туралы болып отыр. Оның жасы – 19-да. Бұл адам жасымен есептегенде 70-80 жасқа тең.

Мамандардың айтуынша, қазір басты мақсат – жануардың денсаулығы мен қазіргі жағдайын сақтау. Сондықтан оның тамағын азайтуға болмайды. Керісінше, құнарлы азықпен қамтамасыз ету маңызды.

Қабылан күніне 500 грамнан астам сиыр еті мен тауық етін жейді. Жуырда медициналық тексеруден өткен жануардың денсаулығы қалыпты, салмағы да айтарлықтай өзгермеген.

Қараушылары оның көбірек қозғалуына жағдай жасау үшін торына доп қойған. Сондай-ақ етті биікке іліп, қабыланды секіріп алуға ынталандырады. Дегенмен ол тамақтан басқа уақытта көбіне жатып, ұйықтағанды ұнатады.

Паньбаобао 2024 жылы әлеуметтік желіде танымал болды. Желі қолданушылары оны «Зверополис» мультфильміндегі Когтяузер есімді кейіпкерге ұқсатқан. Осыдан кейін хайуанаттар бағы оның қоршауын екі есе кеңейтіп, аумағын 45 шаршы метрге жеткізді. 2025 жылдың ақпанына қарай қабылан біраз арықтағанымен, бір жылдан соң қайтадан салмақ қосқан.

«Терісіндегі дақтары да созылып кеткен», – деп әзілдейді келушілер.

Қабыланның танымалдығы хайуанаттар бағына келушілер санын күрт арттырған. 2025 жылдың сәуірінде қала билігі оған туризм саласының құрметті басшысы атағын берген. Алайда кейбір сыншылар қызметкерлер жануарларды әдейі семіртіп, сол арқылы көпшіліктің назарын аударуға тырысады деп айыптаған.

Паньбаобао хайуанаттар бағындағы жалғыз толық жануар емес. Келушілер мойны білінбейтін қара аюды байқап, оны әзілдеп «Найк аюы» деп атап кеткен. Сондай-ақ әлеуметтік желіде тым семіз павлиндер мен алып кои балықтары да қызу талқыға түскен.

Хайуанаттар бағының әкімшілігі жануарлардың салмағын азайтуға тырысқанымен, нәтиже болмағанын айтады. Ал ветеринарлар олардың денсаулығынан ешқандай кінәрат таппаған. Мекеме өкілдерінің сөзінше, жануарлардың рационы көкөніс, жеміс-жидек, тұтас дәнді дақылдар мен тағамдық қоспалардан тұрады.

Қабыландар саны жылдан-жылға азайып барады. Жыртқыштар қорғауға алынып, Халықаралық табиғат қорғау одағы мен Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Сондай-ақ оқыңыз