Тоқаев халықтық цифрлық экономиканы дамыту туралы жарлыққа қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, табыс пен жұмыспен қамтудың жаңа көздерін ашуға бағытталған «Халықтық цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды.
Құжат аясында Үкіметке нақты мерзімдермен бірқатар міндет жүктелді:
- Кешенді жоспар (1 желтоқсанға дейін): Цифрлық жұмыспен қамтуды дамыту және отандық өндірушілердің өткізу нарығына қолжетімділігін арттыру жоспары бекітіледі. Құжатты әзірлеуде Жасанды интеллектіні дамыту кеңесінің мүшесі Кай-Фу Лидің цифрлық платформаларда ЖИ қолдану жөніндегі ұсынымдары ескеріледі.
- Цифрлық платформалар мен салық (31 желтоқсанға дейін): Цифрлық платформалар арқылы табыс табатын азаматтар үшін оңайлатылған құқықтық режим енгізіледі. Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режиміндегі қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту мәселесі пысықталады. Ұйымдар мен бизнес қысқа мерзімді ақылы тапсырыстарды цифрлық платформаларда тұрақты түрде орналастыруы тиіс.
- Бизнес және ауыл өнімдерін өткізу: Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары жеке маркетплейстер,банктер және логистикалық компаниялардың сервистерімен біріктіріледі. Ауыл өндірушілерінің тауарын ірі сауда желілері мен электрондық алаңдар арқылы сату және жеткізу тетіктері іске қосылады.
- Пилоттық жобалар: 2027 жылдың 1 сәуіріне дейін өңірлерде пилоттық жобалар басталып, 1 қыркүйекке дейін олардың тиімділігі бағаланады.
Бұған қоса, әкімдіктердің міндеті Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдіктері 2027 жылғы 15 қаңтарға дейін өңірлік жоспарларын бекітуі қажет. Жергілікті билік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) мен қаржы ұйымдары арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне болашақ өнім түсімі есебінен аванс беру тетіктерін қарастырып, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытады. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерді электрондық сауда алаңдарында жұмыс істеуге оқытып, өнімдерін маркетплейстерге шығаруға жәрдемдеседі.
Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енді, оның орындалуын Президент Әкімшілігі бақылайды.