Жамбыл облысының экс-әкімі Кәрім Көкірекбаев түрмеден мерзімінен бұрын шықты

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Kursiv Media архиві

Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев денсаулығына байланысты түрмеден мерзімінен бұрын босатылды. Ақпаратты Алматы облыстық соты растады. Бұл туралы журналист Михаил Козачков телеграм арнасында жазады.

«Алматы облысының Алатау қалалық соты Кәрім Көкірекбаевты ауыр науқасына байланысты жазасын өтеуден босату туралы шешім шығарған. 2026 жылғы 17 қарашадағы сот қаулысымен №57 мекеме әкімшілігінің сотталған Кәрім Көкірекбаевты Қылмыстық кодекстің 75-бабы негізінде ауыр науқасына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы ұсынысы қанағаттандырылған. Алайда сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ», – деп жазылған хабарламада.

Бірақ прокуратура сот шешімімен келіспей, күшін жою туралы жеке өтінішхат енгізген. Экс-әкім жалпы 12 жылға сотталған еді, бірақ іс жүзінде оның төрт жылын ғана өтеді.

Кәрім Көкірекбаев не үшін сотталды?

Кәрім Көкірекбаев 2022 жылдың желтоқсанында «Bazis Construction INFR» компаниясының басшысы Андрей Поплавскийден пара алды деген күдікпен ұсталған. Бұл іс бойынша оның орынбасары Әділет Ахатаев та айыпталды.

Тергеу материалдарына сәйкес, мердігер компания өкілдері Қорғас өзеніндегі қорғаныс нысандарының құрылыс жұмыстары бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою үшін Көкірекбаевқа ақша берген. Алайда құрылыс жұмыстарының бір бөлігі іс жүзінде орындалмаған. Іс бойынша пара сомасы 396 млн теңге болған. Ал мемлекетке келтірілген шығын 1,987 млрд теңге деп бағаланды.

2024 жылдың маусымында алқабилер соты Көкірекбаевты ақтаған. Бірақ апелляциялық сот бұл үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді.

2025 жылдың шілдесінде сот оны кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Оның орынбасары Әділет Ахатаев пен мердігер компания өкілі Андрей Поплавский 11 жылға сотталды. Үшеуіне де өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

Кәрім Көкірекбаев 2013–2018 жылдары Жамбыл облысының әкімі болған. Бұған дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясында басшылық қызметтер атқарып, Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі болған. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мекемесін басқарды.

Оқи отырыңыз: Пара алған, бюджет қаржысын жымқырған: соңғы жылдары сотталған шенеуніктер

Сондай-ақ оқыңыз