300-ге жуық жерде мобильді байланыс сапасы нашар

2024–2025 жылдары Қазақстанда мобильді байланыс жоқ немесе сапасы төмен 1 052 «ақ дақ» анықталған. Оның 213-інде мәселе әлі күнге дейін шешілмеген. Ал биыл жүргізілген өлшеу кезінде тағы 289 осындай учаске тіркелген. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
«Әкімдіктер осы учаскелердің әрқайсысында байланыс нысандарына жер бөліп, оларды электр желісіне қосуды қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар тұрғындарға жабдықтың қайда орнатылатынын және байланыс сапасының қалай жақсаратынын түсіндіруі керек», – деп мәлімдеді министр.
Биыл анықталған 289 «ақ дақтың» 70-інде мәселе шешілген. Жұмыс созылып жатқан учаскелерде операторлар байланыс алаңдары мен мұнараларын бірлесіп пайдалануы керек.
Министр учаске қайта тексеріліп, ондағы байланыстың тұрақты екені расталғаннан кейін ғана бақылаудан алынатынын айтты. Әкімдіктер Мемлекеттік радиожиілік қызметімен тест-драйв өткізу шарттарын да алдын ала келісуі тиіс.
2027 жылғы қаңтардан бастап әкімдіктер уәкілетті органмен бірлесіп, елдегі барлық ауылда мобильді байланыс сапасын тексеруге кіріседі.
Тағы да оқыңыз: Қазақстандағы ауылдардың 92%-ы оптикалық интернетке қосылады