Әуежайда әзілдеген жолаушыға 86 мың теңге айыппұл салынды

Астана халықаралық әуежайында «қаруым бар» деп әзілдеген 19 жастағы жолаушы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Петропавл қаласының тұрғыны Астанадан Дубайға ұшатын рейске тіркелу кезінде әуе компаниясының қызметкері тыйым салынған заттардың бар-жоғын сұраған. Жолаушы оған әзілдеп «қаруым бар» деп жауап берген.
Сот бұл сөзді айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу деп бағалады. Осыған байланысты оның әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша сараланды.
Сот жолаушының құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын және жасы небәрі 19-да екенін ескеріп, оған 86 500 теңге айыппұл салды.
Оқи отырыңыз: Әуежай мен ұшақта қандай сөздер айтуға болмайды