АҚШ Иранға қарсы санкциялар тізімін кеңейтті

АҚШ қаржы министрлігі Иранға қарсы жаңа санкциялар пакетін енгізді. Шектеулер ондаған ұйым мен жеке тұлғаға қатысты.
Санкцияға Иран режимінің «мұнай бойынша сенімді өкілдері» деп танылған адамдар іліккен. Олар шетелде иран мұнайын сатудан түскен кірісті жинаумен айналысқан. Алайда кейбірі қаражаттың бір бөлігін өздеріне иемденген деген айып тағылып отыр.
Санкциялық тізімге Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының бұрынғы барлау офицері Мұхаммад Джавад Баванд енгізілді. АҚШ тарапының мәліметінше, ол үшінші елдерде сақталған Иран мұнайынан түскен қаражатты қайтару жұмыстарын үйлестірген.
Сондай-ақ тізімде Иран футбол федерациясының президенті Мехди Тадждың бауыры Маджид Тадж, Иран мұнайын Қытайдағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізетін делдал компанияларда басшылық қызмет атқарған Мұхаммадхоссейн Серватидің және Mahan Air әуе компаниясы басшысының ұлы Моджтаба Арабнежадтың есімдері бар.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Иран билігі ел азаматтарының мүддесінен гөрі өз мүддесін жоғары қоятынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Иранның теңіздегі мұнай қоры таусылған, ал ел бұрын сатылған шикізаттан түскен кірісті мүлде алмауы мүмкін.
Жаңа шектеулер Вашингтон тамызда бастаған «Экономикалық оқшаулау» операциясы аясында енгізілді. АҚШ билігінің пікірінше, оның мақсаты Тегеранға санкцияларды айналып өтуге және өз қызметін қаржыландыруға мүмкіндік беретін қалған қаржы арналарының жолын кесу болып отыр.
Оқи отырыңыз: 60 банк SWIFT-тен ажырайды: Еуроодақ Ресейге қарсы кезекті санкция пакетін әзірледі