Ақтөбедегі қой жүнін өңдейтін зауыт өнімін экспортқа шығармақ

Ақтөбедегі қой жүнін терең өңдейтін зауыт өнімін экспорқа шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде тауар ішкі нарыққа сатылып жатыр.
Зауыт төрт өңірдің шаруаларынан шикізат қабылдайды. Зауытқа Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан мен Жамбыл облысының фермерлері қой жүнін тапсырады.
KazFeltec серіктестігі жүзеге асырып жатқан жобаның инвестициялық құны 5,3 млрд теңгеден асады. Зауыт 2025 жылы іске қосылған.
Өндіріс желісі заманауи технологиялық жабдықтармен жарақталған. Кәсіпорынның қуаты жылына 3,6 мың тоннаға дейін қой жүнін өңдеп, 2,2 мың тоннаға дейін дайын тоқыма емес материал шығаруға мүмкіндік береді
Мұнда табиғи шикізаттан құрылыс, жиһаз өндірісі және басқа да салада сұранысқа ие экологиялық таза жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар өндіріледі.
Жобаның маңызы тек ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеп, оның қосылған құнын арттыруда ғана емес, сонымен қатар фермерлер үшін өнім өткізудің тұрақты арнасын қалыптастыруда жатыр.
Adata сервисінің дерегіне сәйкес, KazFeltec еріктестігінің құрылтайшысы – KIID LTD компаниясы. Ал KIID LTD-дың төрт иесі бар. Олар: Ерлан Жаңабергенов, Әсет Тілеуов, Александр Жерихов пен CORMATEX S.R.L. компаниясы.
CORMATEX S.R.L. – Италияда 1996 жылғы 29 тамызда тіркелген кәсіпорын. Компания тоқыма жабдықтарын, соның ішінде жүн иіруге және тоқыма емес материалдар өндіруге арналған құралдарды шығаруға маманданған. 2024 жылы түсімі 16 896 215 еуроға, ал пайдасы 526 785 еуроға жеткен. Компания халықаралық нарықтарда 35 жылдан астам уақыт жұмыс істейді.
Былтыр мемлекет қой мен ешкінің жүніне субсидия бөлетіні хабарланған. Ал «Ауыл» партиясының депутаттары 2025 жылдың басында Қазақстанда 9,6 млн ірі қара, 20 миллионнан астам қой-ешкі барын айтып, жылына жүздеген мың тонна жүн, тері, ішек-қарын өндірілетінін мәлімдеген. Алайда қой жүнінің 70 пайызға дейінгісі және терінің 50 пайызға жуығы сұраныссыз қалып, шаруашылықтарда өртеліп немесе шіріп кетеді.
Депутаттардың бұл сауалына берген жауабында вице-премьер әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілгенін хабарлады.