24 млн теңге жымқырған қазақстандық әйел БАӘ-де ұсталды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Фото: shutterstock

Қазақстан Ішкі істер министрлігінің сұрауы бойынша 24 млн теңге көлемінде алаяқтық жасаған күдікті Біріккен Араб Әмірліктерінде қамауға алынды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Тергеу мәліметінше, әйел Қытайдан тауар жеткізіп беремін деген желеумен жәбірленуші мен оның ата-анасының ақшасын иемденіп кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 24 млн теңге. Қазіргі уақытта күдікті қамауда отыр.

Бұдан бөлек, Алматыда алаяқтық жасады деген күдікпен мемлекетаралық іздеуде жүрген Қырғызстан азаматы қолға түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, ол жер телімін заңсыз сатуға қатысы бар, соның салдарынан жәбірленушілерге 125 мың доллар көлемінде шығын келген. Ұсталған азамат та уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұл деректер 20 қарашадан бері еліміздің барлық аумағында өтіп жатқан «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталды. ІІМ операция аясында жолы кесілген өзге де құқық бұзушылықтар туралы хабарлады.

Мәселен, Петропавлда полицейлер сот шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, көлік тізгініне қайта отырған жүргізушіні тоқтатты.

Қарағанды облысында Польша, Үндістан және Германиядан 480 таблетка салынған халықаралық сәлемдеме алған ер адам ұсталды, дәрілердің бір бөлігінен модафинил табылды. Препараттарға интернет арқылы тапсырыс берілген.

Тағы бір дерек Маңғыстау облысында тіркелді. Полицейлер автокөлікті тексеру кезінде есірткі болуы мүмкін затты анықтады. Тәркіленген заттың жалпы салмағы шамамен 130 келіні құрады.

Алматыда қараусыз қалған үйден 2022 жылдан бері жоғалғандар қатарында тұрған аңшы мылтығы, 30 патрон және жарық-шу гранатасы табылды.

Бұған дейін елге 4,5 млрд теңге залал келтірген күдікті Грузиядан экстрадицияланған еді. Ол өзін отандық өндіруші ретінде көрсетіп, ауруханаларға сапасыз медициналық техника өткізіп келген.

Сондай-ақ оқыңыз