Банк несиені мақұлдауы үшін қажет 7 қадам: өтінім берер алдында нені ескеру керек

Банк несиені қолайлы шартпен мақұлдап, ай сайынғы төлем қалтаңызға салмақ салмас үшін, өтінім берер алдында қаржыңызды ретке келтіріп алған жөн. Бұл қадам бюджетіңіз шын мәнінде қандай жүктемені көтере алатынын алдын ала бағамдауға көмектеседі.
Қолына ресми түрде 500 000 теңге жалақы алатын қарыз алушының мысалында банкке жүгінбес бұрын нені тексеріп, не істеу қажет екенін талдап көрейік.
1-қадам. Ұсақ несие мен бөліп төлеуді жабыңыз
Көпшілік маркетплейстердегі шағын бөліп төлеу мен картадағы несие лимиттерін толыққанды қарыз деп санамайды. Алайда банк скорингі (қарыз алушыларды автоматты түрде бағалау) кезінде олар несие тарихында ескеріліп, банк мақұлдауы мүмкін несие сомасын азайтады.
Егер 500 000 теңге жалақы алатын азаматта айына 25 000 теңгеден үш бөліп төлейтін «қарызы» болса, жаңа ай сайынғы төлемге арналған лимит бірден 75 000 теңгеге қысқарады. Ірі өтінім бермес бұрын ұсақ қарыздарды өтеп, пайдаланылмайтын несие карталарын толық жапқан дұрыс. Өйткені банк картаны қолданбасаңыз да, оған бекітілген бүкіл лимитті борыш жүктемесі ретінде есептейді.
2-қадам. Борыш жүктемесі коэффициентін (БЖК) есептеңіз
Борыш жүктемесі коэффициенті (БЖК) – бүкіл ай сайынғы несие төлемдердің ресми табысқа қатынасы. Егер БЖК 50%-дан асса, яғни несие төлеміне ресми табыстың жартысынан көбі кетсе, банктерге жаңа несие беруге тыйым салынады.
500 000 теңге жалақы алатын адамның ай сайынғы жалпы төлем сомасы 250 000 теңгеден аспауы керек. Дегенмен табыстың жартысын банкке беру де қауіпті. Күнделікті күнкөріс пен күтпеген шығындарға ақша қалуы үшін 30%-ға дейінгі (150 000 теңге) деңгей қолайлы саналады.
3-қадам. Зейнетақы жарналары мен салық есептілігін тексеріңіз
Жалдамалы қызметкердің төлем қабілеттілігін банктер соңғы алты айдағы міндетті зейнетақы жарналары бойынша бағалайды. Егер жұмыс беруші аударымдарды кешіктірсе немесе жалақының бір бөлігін «конвертпен» берсе, скоринг тек ресми соманы ғана ескереді, сонда мақұлданған лимит сіз күткеннен төмен болады.
Ал жеке кәсіпкерлер банкке жүгінбес бұрын, салық декларацияларының уақытылы тапсырылғанына, бюджет алдында берешектің жоқтығына және есепшоттардағы айналымдардың бизнестің нақты табысын көрсететініне көз жеткізуі қажет.

4-қадам. Несие тарихын зерделеңіз
Дерекқордағы қателіктер, ескі карталар бойынша жабылмаған қалдықтар немесе сіздің келісіміңізсіз рәсімделген несие скоринг баллын төмендетуі мүмкін.
Әр азамат жылына бір рет несие есебін тегін жүктей алады. Бұл құжатты eGov.kz порталы («Кеден және салықтар» бөлімі — «Несие тарихы») арқылы немесе eGov Mobile қосымшасында қызмет атауын іздеу арқылы алуға болады. Тексеруге бірнеше минут кетеді және қате мәліметтерге алдын ала дау айтуға мүмкіндік береді.
5-қадам. Номиналды мөлшерлемені емес, ЖТСМ-ді салыстырыңыз
Кредит алатын банкті таңдағанда негізгі пайызға емес, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне (ЖТСМ) назар аударыңыз. Номиналды пайыздан айырмашылығы, ЖТСМ бүкіл міндетті комиссия мен төлемді қамтиды. Өтінім бермес бұрын банк сайтынан қарыздың үлгі шартын жүктеп алып, үш мәселені тексеріңіз:
- қосымша қызметтердің (мысалы, өмірді немесе жұмыстан айырылуды сақтандыру) еріктілігі;
- қарызды мерзімінен бұрын өтеу шарттары;
- төлемді кешіктірген жағдайда салынатын айыппұлдар.
6-қадам. «Стоп-кредитті» уақытша өшіріңіз
Егер сізде несие мен микрокредиттерден өз еркімен бас тарту («стоп-кредит») қосулы тұрса, банк өтінімді автоматты түрде қабылдамайды. Қарызды рәсімдеу үшін тыйымды eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасында уақытша алып тастау керек. Құжаттарға қол қояр алдында жеке шарттар: келісімшарт, мөлшерлемелері, қосымша қызметтер мен төлем кестесін тағы бір мәрте тексеріңіз. Ақша алғаннан кейін бірден алаяқтардан қорғану үшін «стоп-кредитті» қайта қосыңыз.
Ескертпе: Кепілсіз онлайн-несиелер үшін «суыту кезеңі» қолданылып, ақша шотқа бірден түспейді. Несие сомасы 150-ден 255 АЕК-ке (2026 жылы 1 АЕК 4 325 теңгені құрайды) дейін болса – 8 сағаттан соң, ал 255 АЕК-тен асса, 24 сағаттан кейін беріледі.
Осы кезең аяқталған соң несие алуға келісімді қайта растау қажет, әйтпесе шарт күшін жояды. Сондай-ақ 14 күн ішінде пайдаланған күндерге ғана сыйақы төлеп, кепілсіз тұтынушылық қарыздан бас тартуға болады.

7-қадам. Автотөлемді баптаңыз
Төлем күнін шатастырып алу немесе ұзақ демалыстар кесіріне кредит төлеуді ұмытып кету оңай. Бірнеше күндік техникалық кідірістің өзі несие тарихын бұзуы мүмкін. Қаражаттың уақытылы түсуіне кепілдік беру үшін кестедегі жоспарлы күннен 3–5 күн бұрын автоматты есептен шығаруды қосыңыз.
Тәжірибелі қарыз алушының лайфхагы: несие рәсімдеуге екі-үш ай қалғанда алдағы төлемдерге «репетиция» жасап көріңіз.
Депозит ашып, оған ай сайын болжамды төлем сомасын (150 000–200 000 теңге) аударып отырыңыз. Осылайша, сіз бюджетке түсетін жүктемені сынақтан өткізесіз әрі қор қалыптастырасыз. Бұл қор жалақы кешіккенде немесе шұғыл шығындар туындағанда көмек болады.
Дайындыққа жауапкершілікпен қарау қарыз алушының банк мақұлдауын алу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады. Кез келген несие – салмақты қаржы міндеттемесі екенін ұмытпаңыз. Төлемді кешіктіру өсімпұл есептеу, несие тарихының нашарлауы, қарызды өндіріп алу және жаңа қарыздарға шектеу қою секілді салдарға әкеп соғады.
Материал Freedom банкінің қолдауымен дайындалған.