Дженсен Хуанг оралғаннан кейін Nvidia акцияларынан Трамп 15 млн доллар пайда тапқан

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Дженсен Хуанг Дональд Трамп
Дженсен Хуанг және Дональд Трамп / фото: Kevin Dietsch / Getty Images

Дженсен Хуанг қызметіне оралғаннан кейін Дональд Трамп Nvidia акцияларынан 15 млн доллар көлемінде пайда тапқан деп жазады The Guardian.

Америкалық БАҚ жазуынша, Nvidia директорлар кеңесінің Хуангты қайтадан қызметіне тағайындауына тікелей АҚШ президентінің араласуы себеп болған.

«Олармен сөйлестім, осылай дей салайын. Мен оларды көндірдім… Бұл келісімді мен жасадым», – деді Трамп дүйсенбі күні CNBC арнасына берген сұхбатында.

FT жазуынша, Трамп Nvidia компаниясының 370 мыңға дейін акциясына иелік етуі мүмкін. Басылым мұны президенттің Мемлекеттік этика жөніндегі басқармаға тапсырған қаржылық декларациясынан анықтаған.

BBС Трамптың соңғы екі жылдағы қаржылық декларацияларына талдау жүргізген. Оған сүйенсек, АҚШ президенті Nvidia акцияларын 23 млн доллардан 86 млн долларға дейінгі сомаға сатып алған. Бірақ президенттік қызметіне қайта кіріскеннен кейін компаниядағы үлесінің бір бөлігін де сатқан. Ресми декларациядағы мәліметтер бойынша, осы мәмілелерден 3,5 млн доллардан 10,2 млн долларға дейін пайда тапқан.

Еске салайық, 23 қарашада қызметінен кеткеніне екі апта толмай жатып, Дженсен Хуанг Nvidia компаниясының басшылығына қайта оралды. Директорлар кеңесі бұл шешімді бірауыздан мақұлдады. Nasdaq биржасында Nvidia акциялары 33,5%-ға қымбаттап, бір қағаздың құны 167,56 долларға жетті. Компания капитализациясы 1 трлн долларға өсіп, жалпы құны 4,03 трлн долларды құрады. 

Дженсен Хуанг Қытай барлаушысы болуы мүмкін деген Элис Хуангпен романтикалық қарым-қатынаста болған деген ақпарат тараған еді. Әйелінің көзіне шөп салғанын өзі де мойындаған ол отбасынан кешірім сұрады. Кейінірек оның компаниядағы тағы екі қызметкермен көңіл қосқаны анықталды. Осы жанжалдардан кейін ол қызметінен кетті.

Оқи отырыңыз:

Сондай-ақ оқыңыз