Электромобиль иелері жасыл нөмірді қашан ауыстыруы керек

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Милош Муратовский

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап электромобиль нөмірін жасыл түске ауыстыру міндетті болмайды. Бұрын тіркелген көлік иелері нөмірін сол күйі пайдалана береді.

Нөмірді қандай жағдайда ауыстыру қажет?

ІІМ түсіндіргендей, электромобиль иелері жаңа үлгідегі нөмірлер енгізілген соң қолданыстағы мемлекеттік нөмірін міндетті түрде ауыстыруы қажет емес. Арнайы жасыл нөмірді қалауы бойынша алуға болады.

Алайда көлікті қайта тіркеген немесе электромобильді Қазақстанда алғаш рет тіркеген жағдайда жаңа үлгідегі нөмір алу міндетті болады.

VIP нөмірлерге қатысты не белгілі?

ІІМ сұранысқа ие арнайы нөмірлерге қатысты талаптарды да түсіндірді. Электромобильдерге арналған мұндай нөмірлердің құны қолданыстағы тәртіп бойынша есептеледі.

Ал бұрыннан «әдемі» нөмірі бар көлік иелері арнайы жасыл нөмірге ауысқан кезде әріптер мен сандардың бұрынғы комбинациясын сақтай алады. Яғни көлік иесі нөмірдің түсі өзгергені үшін өзіне ұнайтын символдар үйлесімінен бас тартпайды.

Жасыл нөмірдің ерекшелігі қандай?

Электромобильдерге арналған арнайы мемлекеттік нөмірлер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Оның өңір коды орналасқан тұсы жасыл түспен ерекшеленеді. Ал нөмірдің негізгі бөлігі ақ түсті болып қалады, әріптер, сандар және KZ белгісі қара түспен жазылады.

Фото: ЖИ көмегімен жасалған, бильд-редактор: Дастан Шанай

Өзгерістер Ішкі істер министрінің 2026 жылғы 3 қарашадағы №831 бұйрығымен бекітілген. Құжат мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің нысандары мен үлгілерін бекітетін №1040 бұйрыққа түзетулер енгізеді.

Жасыл түсті нөмірлер тек электромобильдерге ғана берілмейді. Жаңа үлгілер көліктердің басқа да санаттарына, соның ішінде шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың, дипломатиялық қызмет өкілдері мен құрметті консулдардың көліктеріне қатысты болады. Аталған санаттардың кейбіріне өзге түсті нөмірлер қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз