Елдегі алғашқы кейс: ERG дәнекерлеу бойынша NCCER халықаралық аккредитациясын алды

Жарияланды
Фото: ERG

ERG-дің Корпоративтік университеті «Дәнекерлеу» бағыты бойынша америкалық NCCER салалық жүйесінің аккредитациясынан өткен Қазақстандағы білім беру бейініндегі емес алғашқы оқу орталығы атанды. Енді университет мамандарды оқытумен шектелмей, мамандардың кәсіби құзыреттерін халықаралық стандарттарға сәйкес бағалап, тиісті сертификаттар бере алады. Әрі ERG Корпоративтік университетінің қызметтері басқа кәсіпорындарға да қолжетімді.

NCCER (National Center for Construction Education and Research) аккредитациясынан өту ERG компаниясына дәнекерлеушілерді даярлау және олардың біліктілігін бағалау барасында америкалық салалық стандарттарды қолдануға мүмкіндік береді. NCCER жүйесі 1996 жылы АҚШ-та құрылған және құрылыс саласындағы жұмысшы мамандықтары мен салалас бағыттарды қамтиды. Оның кәсіби стандарттары жұмыс берушілердің талаптары мен нақты өндіріс ерекшеліктерін ескере отырып әзірленеді.

«Бізге кәсіптік білім беру жүйесі өндірістің нақты қажеттіліктеріне сай болуы аса маңызды. Сондықтан мамандарды даярлау сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Атап айтқанда: колледждермен ынтымақтастықты дамытып, оқу бағдарламаларын жетілдіріп, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңғыртып жатырмыз. Бүгінде бұл тәсіл халықаралық салалық стандарттарды енгізу арқылы жаңа деңгейге көтерілді. NCCER аккредитациясынан өту – осы жұмыстың маңызды кезеңі әрі мамандардың кәсіби құзыреттерін халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ERG-дің даму және әлеуметтік саясат департаментінің директоры Шаттық Әбдіхалықов.

Халықаралық салалық аккредитация ERG Корпоративтік университетіне тек мамандарды даярлау алаңы ғана емес, сонымен қатар олардың кәсіби құзыреттерін бағалау орталығы ретінде де қызмет етуге мүмкіндік береді. NCCER аккредитациясын алу – кәсіптік білім беру жүйесін өндірістің нақты қажеттіліктерімен ұштастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы. Енді мұндай бағалаудан өтуге колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектерімен қатар, осы салада еңбек етіп жүрген мамандарды да шақыруға болады.

«Аккредитациядан өтуге дейін бір жыл бойы тексеру рәсімі жүргізілді. Аккредиттеуші ұйымның мамандары материалдық-техникалық базаның жай-күйіне аудит жүргізіп, оқу орталығының NCCER бағдарламаларын іске асыруға дайындығын бағалады.  Корпоративтік университет қызметкерлері оқу бағдарламалары жөніндегі нұсқаушылар мен инспекторлар ретінде қажетті даярлықтан өтіп, тиісті сертификаттар алды», – деп атап өтті ERG Корпоративтік университетінің басшысы Айжан Базарбаева.

Фото: ERG

Бүгінге дейін NCCER стандарттары бойынша практикалық даярлықтан ERG компаниясының төрт дәнекерлеушісі өтті. Оқу бағдарламасына плазмалық және газбен кесу, қолмен доғалық, жартылай автоматты және аргонды-доғалық дәнекерлеу әдістері енгізілді. Сондай-ақ мамандар көміртекті, төмен легирленген және тот баспайтын болатпен, алюминиймен жұмыс істеуді, сондай-ақ мыс түтіктерін дәнекерлеуді меңгерді.

«Маған NCCER стандарттары бойынша оқудан өту – кәсіби дағдыларымның халықаралық талаптарға сәйкестігін бір тексеруге берілген тамаша мүмкіндік. Ең бастысы, мен бұрыннан бар тәжірибемді растап қана қоймай, плазмалық кесу мен металды ауа-доғалық өңдеу, мыс түтіктерін дәнекерлеу сияқты жаңа технологияларды да меңгердім. Мұндай білім кәсіби мүмкіндіктерімді кеңейтіп, әмбебап маман ретінде қалыптасуыма және өз қабілетіме сенімділігімді арттыруға септеседі», – деді ERG Service компаниясының электргазбен дәнекерлеушісі Евгений Ткаченко.

ERG компаниясының инвестициялық және құрылыс жобаларын іске асыру барысында халықаралық стандарттарды енгізудің маңызы артып келеді. Себебі мұндай жобаларға кәсіби даярлығы жоғары мамандар қажет. Алдағы уақытта компания NCCER аккредитациясын сұранысқа ие басқа да бағыттарға, соның ішінде электротехника, еңбекті қорғау, экология және жобаларды басқару салаларына кеңейту мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз