Қазақстан дәрі-дәрмекке 145 млн доллар аз жұмсады. Импорт неге қысқарды

Қазақстан биылғы тоғыз айда шетелден 1,219 млрд долларға дайын дәрі-дәрмек әкелді. Бұл былтырғыдан 145,1 млн долларға немесе 10,6%-ға аз. Импорт құнының төмендеуіне ең көп әсер еткен ел – Германия. Бұл елден жеткізілген дәрілердің салмағы артқанымен, жалпы құны 78,4 млн долларға кеміген. Бір елдің өзіне бүкіл төмендеудің жартысынан көбі тиесілі.
Германиядан дәрі көбірек келді, бірақ импорт құны азайды
Германия Қазақстанға дайын дәрі-дәрмек жеткізетін елдер арасында құны бойынша бірінші орында қалды. Қаңтар-қыркүйек айларында Генманиядан 217 млн долларға препарат әкелінді. Бұл бүкіл импорт құнының 17,8%-ы.
Қазақстан дәрі-дәрмекті қай елдерден импорттайды?
2026 жылғы қаңтар–қыркүйек · млн АҚШ доллары
- Германия217,0
- Үндістан116,9
- Ресей78,3
- Түркия76,8
- Италия71,4
- Франция68,8
- Швейцария52,1
- АҚШ51,5
- Словения47,3
- Польша45,5
Былтыр Германиядан 1,32 мың тонна дәрі келсе, биыл оның салмағы 1,44 мың тоннаға жетті. Соған қарамастан импорт құны 26,5%-ға азайды. Мұндай айырма жеткізілген препараттардың құрамы өзгергенде де пайда болуы мүмкін. Мысалы, құны төмен дәрілердің үлесі артса, жүк ауырлағанымен, жалпы сома азаяды.
Франциядан әкелінген дәрілердің құны да 25,3 млн долларға азайып, 68,8 млн долларға түсті. Германия мен Францияны қосқанда, екі елдің үлесіне импорт құнының таза төмендеуінің 71%-ы тиесілі.
Үндістаннан импорт өсті. Салмақ бойынша Ресей алда
Қазақстан Үндістаннан 116,9 млн долларға дәрі сатып алды. Бұл былтырғыдан 12,9%-ға көп. Импорт құны бойынша Үндістан екінші орында. Одан кейін Ресей (78,3 млн доллар), Түркия (76,8 млн доллар) және Италия (71,4 млн доллар) тұр.
Ресейден 6,1 мың тонна дәрі-дәрмек әкелінді. Бұл бүкіл импорт салмағының 30,5%-ы. Доллармен есептегенде Ресейдің үлесі 6,4% болды.









