Құс еті өндірісі жылына 200 мың тоннаға арттады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Қазақстан құс еті өндірісін жылына 200 мың тоннаға арттыруды жоспарлап отыр
Құс етінің өндірісі жылына 200 мың тоннаға артады / фото: shutterstock

Қазақстан алдағы жылдары құс еті өндірісінің қуатын жылына 200 мың тоннадан астам көлемге ұлғайтып, ішкі нарықтағы импорт үлесін барынша қысқартуды көздеп отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.

Соңғы бес жылда елде құс шаруашылығы қарқынды дамып, отандық өндірістің әлеуеті айтарлықтай артты. Атап айтқанда, құс етімен ішкі нарықты қамтамасыз ету деңгейі 58%-дан 78%-ға дейін көтерілді.

Жаңа жобалар

Алдағы уақытта  ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы саланы одан әрі нығайту жоспарланып отыр.  Бұл құс етін өндіру көлемін ұлғайтып, импортқа тәуелділікті төмендетуге және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.

Қазіргі таңда елімізде 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның 37-сі жұмыртқа өндіруге маманданған, жылдық өндірістік қуаты – 4,5 млрд дана. Қалған 33 кәсіпорын құс етін өндірумен айналысады. Олардың жылдық жиынтық қуаттылығы 510 мың тоннаға жетеді. Айта кету керек, жұмыртқа өндірісі бойынша Қазақстан ішкі нарықтың қажеттілігін отандық өнім есебінен толық өтеп отыр.

Болашақта жылына 200 мың тоннадан астам өнім өндіруге мүмкіндік беретін қосымша өндіріс орындарын іске қосу көзделген. Соның ішінде «Aitas» пен «Алель Агро» кәсіпорындары қолға алатын  жобалар 170 мың тонна жаңа өндірістік қуат қалыптастырмақ.

Экспорт және Қытай нарығына қадам

Былтыр Қазақстан 32 мың тонна құс етін экспорттады. Ал осы жылдың алғашқы тоғыз айында экспорт көлемі 14,2 мың тоннаны құрады. Өнімдер ЕАЭО елдеріне, Әзербайжанға, Моңғолияға және Катарға жеткізіледі. Сонымен қатар Қытай нарығына шығу жұмыстары жүргізілуде.

Жеңілдетілген несие

Саланың тұрақты дамуы үшін ұзақ мерзімді және жеңілдетілген қаржыландырудың қолжетімді болуы маңызды. Осы мақсатта құс шаруашылығы кәсіпорындарына жылдық 2,5% мөлшерлемемен, 10 жылға дейінгі мерзімге инвестициялық несиелер беріледі. Бұдан бөлек, айналым қаражатын толықтыруға арналған жылдық 5% мөлшерлемемен қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істейді. Аталған бағдарлама аясында 17 құс фабрикасына жалпы сомасы 27,2 млрд теңге қаржы берілді.

Биыл ет бағытындағы құс шаруашылығын қолдауға 28 млрд теңге субсидия қарастырылған. Оның ішінде тәуліктік балапандар мен асыл тұқымды жұмыртқа сатып алу құнын арзандатуға 1 млрд теңге бөлінді.

Сонымен бірге жемшөп өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында көлемі 201 мың тонналық жемдік астықтың резервтік қоры жасақталды. Ол белгіленген бағамен сатылып, кәсіпорындардың жемшөп шикізатына деген қажеттілігін қолжетімді шарттармен өтеуге және өндірістік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Қазақстан ішкі нарықты отандық құс етімен толық қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын айтқан еді. Осыған байланысты Қазақстан құс еті импортынан толық бас тартуды көздеп отыр.  

Сондай-ақ оқыңыз