Қазақстанда мобильді интернет тарифі әлемдік орташа бағадан үш есе арзан – министр

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Қазақстанда мобильді интернеттің орташа айлық тарифі шамамен 10 долларды құрайды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (27 доллар) үш есеге жуық төмен. Сонымен қатар еліміз БҰҰ-ның цифрлық үкіметті дамыту рейтингінде алғаш рет ең жоғары санатқа кірді. Бұл туралы Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қарашадағы рейтингте Қазақстан интернеті жылдам 55 елдің арасында мобильді интернет тарифінің қолжетімділігі бойынша жетінші орынға жайғасқан.

Алайда интернет-трафик көлемі артып келеді. Сондықтан байланыс жылдамдығын жақсартып, 5G желісін кеңейту үшін операторлар инфрақұрылымға инвестиция салуы қажет.

«Балансты сақтау маңызды. Тарифтер халыққа қолжетімді, ал байланыс саласы инвесторлар үшін тартымды болып қалуы тиіс», – деді Жаслан Мәдиев.

Сондай-ақ министр Қазақстанның халықаралық цифрлық рейтингтердегі көрсеткіштеріне тоқталды. Оның сөзінше, ел алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының цифрлық үкіметті дамыту рейтингінде ең жоғары санатқа енген. Бұл санатқа Оңтүстік Корея, Дания және Сингапурды қоса алғанда, 21 мемлекет кіреді.

Соңғы екі жылда Қазақстан осы рейтингте 194 елдің арасында 24-орыннан 16-орынға көтерілген. Ал байланыс инфрақұрылымын дамыту көрсеткіші бойынша 41-орыннан 13-орынға шыққан. Екі жылдағы өсім – 28 саты.

Министрдің мәліметінше, екі көрсеткіш бойынша да Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасында бірінші орында тұр.

Сондай-ақ оқыңыз