Рим Папасы Францисктің шайтанмен үш рет кездескен сәті туралы жазбасы жария болды

Рим Папасы Францисктің жеке жазбаларында шайтанмен үш рет кездескені туралы мәлімдемесі жарияланды.
Еuronews ақпаратына қарағанда, ол шайтанмен үш рет кездескен. Тіпті, тозақ қақпаларын көрген. Өзінің билігіне қатысты жан азабына толы күмәндары да болыпты. Бұл туралы Рим Папасы Францисктің қайтыс болғаннан кейін табылған жеке жазбаларында айтылған.
Осының бәрі 24 қараша күні бес тілде жарық көрген «Рим Папасы Францисктің жеке күнделігі» атты кітапқа енді.
Кітап 94 елде бес тілде жарық көрді. Онда Хорхе Марио Бергольоның (Францисктің шын есімі – ред) 1992–2024 жылдар аралығындағы күнделіктері, жазбалары мен құжаттары жинақталған.
«Шынымды айтсам, оның (шайтанның) маған физикалық тұрғыда көрінгеніне еш күмәнім жоқ. Мұндай үш нақты жағдай есімде», – делінген Рим Папасы Францисктің жазбаларында. «Ол маған оттай жанған көздерімен қадала қарады», – деп толықтырған понтифик.
Бергольо шайтанды алғаш рет «шамамен 15 жыл бұрын» көргенін жазған.
«Мен оны көліктің терезесінен көрдім. Оның бір мезгілде әрі қорқынышты, әрі арбаушы көзқарасын ешқашан ұмыта алмаймын», – делінген жарияланған үзінділерде.
Екінші кездесу де ол Буэнос-Айрес архиепископы қызметін атқарып жүрген кезде болған. Бұл жолғы көрініс біріншісінен де әсерлі болған.
«Ол маған оттай жанған көздерімен қарады. Мен оның сол көзқарасын ешқашан ұмытпаймын, – деп жазған Франциск. – Оның көзінен оттың сәулесі шашырағандай болды. Содан кейін ол маған жақындауға тырысты. Мен тәспімді қатты қысып ұстап, Мәриям анаға жалбарына отырып, қашып кеттім… Қызығушылық пен тәспі тартып дұға ету арасында арпалыс болды».
Үшінші кездесу 2021 жылдың қаңтарында, Бергольо Рим-католик шіркеуінің басшысы қызметін атқарып жүрген кезде болған.
«Бір кездесудің барысында мен оны көріп, дауысын естідім. Дауысы салтанатты әрі өктем шықты. Өзін бәрінің иесіндей ұстады: «Енді мен қалағанымның бәріне қол жеткіздім» – деді», – деп жазған Бергольо. – Оның зор әрі қарлыққан дауысын ешқашан ұмыта алмаймын. Жаратқан Ие маған сол кездесуден кетуге мүмкіндік берді. Осылайша мен одан құтылдым».
Рим Папасы өз жазбаларында мұндай көріністерден кейін әр жолы бірден қашып кететінін мойындаған. Өйткені ол «абсолютті зұлымдықпен» сөз таластырғысы келмеген.
Автордың түсіндіруінше, оның шайтанмен кездесулерді қысқаша сипаттауының себебі де осында.
Айта кететін жайт, 2025 жылы 21 сәуірде Рим папасы Франциск 88 жасында өз резиденциясы – Каса-Санта-Мартада көз жұмған еді.