Зейнетақы қорындағы ақшаны шешіп алуға болады: интернетте жалған ақпарат тарап жатыр

Әлеуметтік желіде «зейнетақы қорындағы қаражатты жеткілікті шегінсіз шешіп алуға болады» деген видео тарап жатыр. Бірақ БЖЗҚ мұның жалған ақпарат екенін айтып, алаяқтарға сенбеуге шақырады.
«Зейнетақы қорындағы қаражатты жеткілікті шегінсіз шешіп алуға болады. Үкімет бұған тек бес күнге рұқсат берді. 10 мыңға жуық адам алуына болады. Тіске, ремонтқа ала аласыз», – дейді видеодағы ер адам. Қордағы қаражатты шешіп алу үшін өзінің ақылы қызметін де ұсынады.
Бірақ қор мамандары бұл ақпаратты жоққа шығарады. Биыл жазда үкімет зейнетақы қорынан қаражат шешіп алудың жеткілікті шегін көтерген. Бұл шешім өзгерссіз қалдырылды. Жеткілікті шегіне жетпей еш азамат жинақтағы қаражатын шешіп ала алмайды.
Оқи отырыңыз: 20 жаста 6,7 млн теңге: жастардың зейнетақы жинағының жеткілікті шегі неге жоғары
Айта кетейік, БЖЗҚ стоматология қызметі үшін де қаражат шешіп алуға тыйым салған. Тергеу дерегінше, 42 стоматология арқылы зейнетақы қорынан 200 млрд теңге заңсыз шығарылған. Осындай алаяқтық әдістер көбейген соң тіс емдеуге берілетін қаражат тоқтады. Биыл көктемде «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова БЖЗҚ қаражатын қайтадан тіс емдеуге пайдалануға болады деген еді. Бірақ ресми түрде әлі рұқсат берілген жоқ.
Осыдан кейін қазақстандықтар зейнетақы қаржысын пластикалық операцияға ала бастады. Бірақ желтоқсан басында оған да тыйым салынды.
Қазір зейнетақы қорындағы қаражатты орфанды ауруларған, протон терапиясына, радиохирургиялық емге, реконструктивтік және қалпына келтіру операцияларына алуға болады. 2026 жылдың 1 қарашасындағы дерек бойынша, стоматологиялық қызметтерге зейнетақы жинағынан бірде-бір төлем жасалмаған.
Сондай-ақ БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін рәсімдеу делдалсыз, комиссиясыз жүзеге асырылатынын да ескертеді. Яғни қор қызмет көрсеткені үшін ақы алмайды, барлық төлем заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
«Зейнетақы жинақтарын тек заңнамада көзделген жағдайларда ғана алуға болады. Бұл ретте ешқандай делдалдың көмегіне жүгінудің қажеті жоқ. Сондай-ақ Қор қызметкерлері зейнетақы жинақтарын аударуға, инвестициялауға, қандай да бір акциялар мен қаржы құралдарын сатып алуға шақыратын түрлі бейнероликтерге қатыспайтынын ескерген жөн», – деп ескертеді қор мамандары.