Жақыповтың орнына кім келеді: ҚМГ директорлар кеңесінің құрамы өзгере ме

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

24 желтоқсанда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акцонерлерінің көзбе-көз жалпы жиналысы өтеді. Акционерлер жиыны туралы хабарлама AIX биржасында жарияланған.

Жиналыста талқыланатын басты мәселе – ҚМГ директорлар кеңесінің құрамы. Сонымен қатар мұнай алпауытының корпоративтік басқару ережесіне өзгеріс енгізілмек.

Қазіргі кезде ҚМГ-ның директорлар кеңесінің құрамына сегіз адам кіреді. Директорлар кеңесін жақында ұсталған Нұрлан Жақыпов басқарып келген. Ол компанияның негізгі акцонері – «Самұрық-Қазына» қорының мүддесін қорғаған.

Жақыповтан бөлек, компания директорлар кеңесінің құрамына Асхат Хасенов, Бахытжан Таубаев, Жандос Қайыргелді, Асқар Шәкіров, Сая Мыңшәріпова, Арман Арғынғазин мен Арманбай Жұбаев кіреді.

2002 жылы негізі қаланған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мұнай-газ саласында Қазақстан Республикасының мүддесін қорғайды.

Компания акцияларының 68,16 пайызы – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына тиесілі болса, 20%-ы – Қаржы министрлігінің иелігінде. Қалғаны еркін айналымда жүр.

Қор мен ҚТЖ басшыларының ұсталуы

12 қарашада ҰҚК қызметкерлері «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті ұстағаны белгілі.

Артынша әлеуметтік желілерде Астанадағы Қонаев көшесіндегі Atlant тұрғын үй кешенінің жанында доллар шашылған видеолар тарады. Тұрғындар ақша 12-қабаттан түскенін айтса, бір куәгер ақша салынған сегіз сөмке көргенін жеткізген.

Бірақ ҰҚК бұл оқиғаның ұсталған басшыларға қатысын ресми түрде растаған жоқ.

Ал 18 қарашада ҰҚК Жақыпов пен Отыншиевтің 12 қарашада уақытша ұстау изоляторына қамалып, 14 қарашада тергеу соты санкциясымен қамауға алынғанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз