
Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі «Оскар» сыйлығының «Үздік халықаралық фильм» аталымы бойынша бастапқы іріктеу тізіміне енді.
Биыл аталған аталым бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелді. Америка киноакадемиясы 99-шы «Оскар» сыйлығына әлемнің түрлі елінен ұсынылған 104 фильмді іріктеуге жіберген.
«Әбіл» фильмі не туралы?
Фильм оқиғасы 1993 жылы Қазақстанда өрбиді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елде ұжымшарлар жабылып, жекешелендіру басталады. Туынды қоғамдағы қалыптасқан байланыстар үзіліп, тұрмыс өзгерген тұста адамның өз қадір-қасиетін сақтап, отбасын қорғауға және өмірдің мәнін табуға ұмтылысын баяндайды.
Фильмнің сценарийін жазған әрі режиссері – Елзат Ескендір. Басты рөлді актер Ерлан Төлеутай сомдаған. Ал операторлық жұмысты польшалық кинематограф Йоланта Дылевска атқарған.
Халықаралық фестивальдердегі жетістіктері
«Әбіл» фильмінің әлемдік премьерасы Оңтүстік Кореядағы Пусан халықаралық кинофестивалінде өтті. Сондай-ақ туынды Францияның Везуль қаласында өткен кинофестивальде үш жүлдеге ие болды. Басты рөлді сомдаған Ерлан Төлеутай Бішкек пен Қытайда өткен халықаралық кинофестивальдерде «Үздік ер адам рөлі» аталымы бойынша марапатталды.
«Оскар» үміткерлері қашан анықталады?
Лонг-листке ену фильмнің «Оскар» сыйлығына ресми түрде ұсынылғанын білдірмейді. Бұл – іріктеудің алғашқы кезеңі. Америка киноакадемиясы қысқартылған тізімді 2026 жылғы 15 желтоқсанда, ал ресми номинанттарды 2027 жылғы 21 қаңтарда жариялайды.
99-шы «Оскар» сыйлығын табыстау рәсімі 2027 жылғы 14 наурызда өтеді.
«Үздік халықаралық фильм» аталымындағы үміткерлер қатарында Францияның «Минотавр», Польшаның «Отан», Румынияның «Фьорд», Венгрияның «Үнсіз дос» және Берлин кинофестивалінде жүлде алған «Сары хаттар» фильмдері де бар.
Бұдан бөлек, биыл «Оскар» сыйлығының іріктеуіне 190 деректі және рекордтық көрсеткішке жеткен 38 анимациялық фильм жіберілген.
Толық тізімді мына жерден көре аласыз.