Компаниялар мен ұйымдарды руымен атауға тыйым салу ұсынылды

Кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдарды қазақ руларының атымен тіркеуге заң жүзінде тыйым салу ұсынылды. Депутат Аят Сүгірбай Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа жолдаған депутаттық сауалында заңды тұлғалардың атауына қатысты нақты талап енгізу қажеттігін көтерді.
Депутаттың мәліметінше, «Заңды тұлғалар» мемлекеттік мәліметтер базасында қазақ руларының атымен аталған 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым тіркелген. Олардың басым бөлігі 1996–2005 жылдар аралығында құрылған.
Депутат ру атауларын кәсіпкерлік мақсатта қолдануға қарсы
Аят Сүгірбайдың пікірінше, ру атауларын кәсіпорындар мен ұйымдардың атауына беру қоғамда рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына әсер етуі мүмкін. Оның айтуынша, ру – тарихи тамырды танудың жолы болғанымен, елдік мүддеден жоғары тұрмауы керек.
«Жекелеген кәсіпорындар мен коммерциялық ұйымдарға ру атауларын берудің кеңінен таралуы қоғамда рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл – жай ғана атау мәселесі емес, керісінше, болашақ ұрпақтың дүниетанымына тікелей қатысты мәселе», – дейді депутат.
Ол ру атауымен жұмыс істейтін кәсіпорынның қызметіне немесе өніміне қатысты сын айтылған жағдайда, бұл пікір сол рудың өзге өкілдеріне де тиіп, руаралық араздыққа себеп болуы мүмкін екенін алға тартты.
«Менің ойымша, заңды тұлғаларды, кәсіпорындарды нақты бір рудың атымен атаудың астарында рушылдықтың белгілері бар. Оның үстіне, сондай кәсіпорындардың қызметіне, өніміне қатысты сын-пікір айтылса, наразылық болса, бірден сол рудың да өкілдеріне сөз тиеді. Мұндай ахуал руаралық араздықты қоздыруы мүмкін», – деп түсіндірді ол.
Депутат ұсынысы
Депутат қолданыстағы заңнамада ру атауларын заңды тұлғалардың атауында пайдалануға тікелей тыйым салатын норма жоқ екенін атап өтті. Сондықтан ол «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» заңға, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға және өзге де нормативтік актілерге тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды.
Атап айтқанда, заңды тұлғаларды ру немесе жүз атауымен тіркеуге, сондай-ақ осындай атаумен қоғамдық бірлестіктер құруға шектеу қою мәселесін қарастыруды сұрады.
Депутаттың сөзінше, тарихи шежірені құрметтеу мен руға бөлінудің ара-жігін ажырату қажет. Ол сауалында «Руды білу – тарихты тану, бірақ руға бөліну – бірлікті бұзу» деген ұстанымды алға тартты.
Осыған дейін бұл мәселені Ерлан Саиров көтерген болатын. Рушылдық тенденция қоғам ішінде мемлекеттік ойлау қабілетін коррозияға ұшыратып, мемлекеттілікті шашыратуға әкелетін қауіпті құбылыс деп баға берді. Ол қоғамда ру мен жікке бөлінетіндер қарасы көбейіп бара жатқанын айтты.