Мектептер мен ауруханаларда энергия үнемдеу талаптары күшейтілуі мүмкін

Мектептер, ауруханалар мен балабақшаларда энергияны үнемдеу талаптары күшейтілуі мүмкін. Осы мақсатта әлеуметтік маңызы бар 5 мың нысанға тереңдетілген энергетикалық талдау жүргізу ұсынылды. Бұл ұсыныстар «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша заң жобасында қамтылған. Заң жобасын Құрылтай депутаты Арман Қалықов таныстырды.
Қазір энергия үнемдеу саласындағы қолданыстағы тетіктер негізінен ірі өнеркәсіп және энергетика кәсіпорындарына бағытталған. Ал бюджеттік мекемелер бұл жүйемен толық қамтылмаған.
Ұсынылған түзетулерге сәйкес, мемлекеттік энергетикалық тізілім аясында мектептер, ауруханалар мен балабақшаларды қоса алғанда, 5 мың әлеуметтік нысанның энергия тұтынуы тереңірек талданады. Оның қорытындысы бойынша энергия тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар әзірленеді.
Сондай-ақ энергия мониторингі мен энергосервистік қызметтерді дамыту көзделген. Бұл мемлекеттік ғимараттарда энергия үнемдейтін технологияларды енгізуге, жылу режимінің нормативтік талаптарын сақтауға және энергия ресурстарының шығынын азайтуға мүмкіндік беруі тиіс.
Заң жобасын таныстыру кезінде депутат ұсынылған өзгерістердің негізгі мақсатын да атап өтті.
«Ұсынылған заң жобаларын қабылдау мемлекеттік реттеудің қолданыстағы тетіктерін жетілдіруге, өнеркәсіпте және бюджеттік секторда энергия үнемдейтін технологияларды қолдануды кеңейтуге, энергетикалық сервистер нарығын дамытуға жағдай жасауға және түптеп келгенде, еліміздің энергетикалық ресурстарын неғұрлым ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді депутат.
Депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.