Қазақстанда мұнай өндіретін қытай компаниясына қарсы ресми тергеу басталды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазақстанда мұнай өндіретін қытайлық Geo-Jade Petroleum Corporation компаниясының қызметіне қатысты ресми тергеу басталған. Бұл туралы сарапшы Олег Червинский өз телеграм-арнасында жазады.

Шанхай қор биржасында саудаланатын корпорацияға 2026 жылғы 20 қарашада Қытай Халық Республикасының Бағалы қағаздар нарығын реттеу жөніндегі комиссиясынан (CSRC) ресми хабарлама келіп түскен.

Реттеуші компанияны ҚХР-дың «Бағалы қағаздар туралы» заңы аясында ақпаратты жария ету ережелерін бұзды деп күдіктенеді.

Аталған жаңалық жарияланғаннан кейінгі алғашқы сауда күні-ақ Geo-Jade Petroleum акциялары Шанхай биржасында ең төменгі баға шегіне дейін құлдырады.

Дегенмен жаңа тергеудің нақты ауқымы мен егжей-тегжейі әзірге көпшілікке жария етілмей отыр.

Бұл оқиғаға сәуір айында CSRC-тің Хайнань басқармасы жүргізген тексеріс қорытындысы түрткі болған.

Сол кезде бақылаушы орган компанияның Hainan Qingyu Energy және өзге де құрылымдармен үлестестігін, олармен жасалған мәмілелерді, сондай-ақ байланысты тараптардың қаражатты сыртқа шығару деректерін жасырып қалғанын анықтаған еді.

Қазақстанда Hong Kong Sino-Science Oil and Gas Co., Ltd атауымен де танымал корпорация еліміздің мұнай-газ нарығында он жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Осы кезеңде компания республика аумағында жалпы құны 3 млрд АҚШ долларынан асатын бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асырды.

Атап айтқанда, Geo-Jade Petroleum отандық «Мәтен Петролеум» және «КоЖаН» акционерлік қоғамдарының бас компаниясы саналады. Сондай-ақ оның еншілес құрылымдарына еліміздің оңтүстігінде газ өндіретін «Созақ Ойл энд Газ» АҚ акцияларының шамамен 18 пайызы тиесілі.

Корпорация өзінің еншілес кәсіпорындары арқылы Атырау облысындағы Мәтен, Қара-Арна және Шығыс Көкарна кен орындарында мұнай өндіреді. Бұдан бөлек, оның иелігінде Теңіз және Қаратал кен орындарын игеру жобалары бар.

2023 жылы QazaqGaz бен қытайдың Geo-Jade Petroleum компаниясы Қазақстандағы «Придорожное» газ кен орнын бірлесіп игеретінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз