Қыркүйектен бері 1,5 млн адам ЖРВИ жұқтырған

Қыркүйек айының басынан бері елде жедел респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) шамамен 1,5 млн жағдайы тіркелді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлімдеді.
Мониторинг деректеріне сүйенсек, қыркүйек айының басынан бері ЖРВИ-мен сырқаттанушылық өткен эпидемиологиялық маусымның осындай кезеңімен салыстырғанда 28%-ға төмен. Соңғы бір аптада 133 мыңнан астам жағдай тіркелді — бұл өткен жылдың сәйкес аптасымен салыстырғанда 2,7 есе аз.
Зертханалық зерттеулер түрлі респираторлық вирустың айналымда жүргенін растайды. Анықталған қоздырғыштар арасында риновирустар (345 жағдай), бокавирустар (195) және аденовирустар (189 жағдай) көш бастап тұр.
Сархат Бейсенова өз бетінше диагноз қойып, ем тағайындауға болмайтынын атап өтті.
«Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштің төмендеуі алдын алу шараларына немқұрайлы қарауға болады дегенді білдірмейді. Біздің ортақ міндетіміз — сырқаттанушылықтың өсуіне жай ғана үн қату емес, инфекциялардың таралуының алдын алу және олар ең қауіпті саналатын жандарды қорғау», – деді ол.
Комитет басшысы тұмауға қатысты ахуал жайында да айтты. Қыркүйек айының басынан бері елде аурудың 297 жағдайы тіркелді, оның 295-і — А (H1N1) pdm09 типті тұмау, екеуі — В типті тұмау.
Бұған дейін Сархат Бейсенова жыл басынан бері 14 қазақстандық шетелден аса қауіпті инфекция жұқтырып келгенін айтты.