Трамп әкімшілігі 14 сауда серіктесіне жаңа баж салығын енгізуді ұсынды

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Қытай, Еуроодақ, Үндістан және Жапонияны қоса алғанда, 14 сауда серіктесіне импорттық баж салығын енгізуді ұсынды. Ең жоғары мөлшерлеме – 20% – қытайлық тауарларға қатысты белгіленбек.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, жаңа тарифтер қоғамдық тыңдаулардан кейін 2027 жылдың қаңтарында күшіне енуі мүмкін.
Жаңа баж салығы Қытай, ЕО, Үндістан мен Жапониядан бөлек, Бангладеш, Вьетнам, Индонезия, Камбоджа,Малайзия, Сингапур, Таиланд, Тайвань, Швейцария және Оңтүстік Кореяға да әсер етеді.
Вашингтон бұл қадамды сауда серіктестеріндегі «өндірістік қуаттың артықтығымен» түсіндіреді. АҚШ-тың пікірінше, Қытай әлемдік нарыққа болаттан бастап электромобильдер мен күн панельдеріне дейін тым көп арзан тауар шығарып отыр. Ал Бейжің бұл уәжді жоққа шығарды:
««Артық өндірістік қуат» дегеніміз – қолдан жасалған мәселе. Қытай оны саяси айла-шарғы үшін пайдалануға қарсы», – деді ҚХР СІМ ресми өкілі Го Цзякунь.
Мөлшерлемелер қандай болмақ?
АҚШ шенеуніктерінің мәліметінше, тарифтер қолданыстағы сауда келісімдері аясында қалады:
- ЕО, Жапония, Оңтүстік Корея және Тайвань үшін ең жоғары шек – 15%;
- Малайзия үшін – 19%;
- Қытай тауарларына салынатын жаңа алымдар Трамптың бірінші президенттік мерзімінде енгізілген баж салықтарының үстіне қосылады. Тек шамамен 30 млрд долларлық тауарға (мөлшерлемені төмендету қарастырылып жатқан санат) ерекшелік жасалмақ.
Қыркүйек айында АҚШ пен Қытай жалпы сомасы 60 млрд долларға жуық (әр тараптан 30 млрд доллардан) тауарларға баж салығын төмендетуге келіскен еді. Сондай-ақ, тараптар «сауда бітімін» 2027 жылдың 10 қаңтарына дейін ұзартқан еді.