«Тұмау жүріп жатыр»: бас маман елдегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтты

Қазақстанда 2026–2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусымға 2,2 млн доза вакцина сатып алынды. Бүгінгі таңда 2 млн 65 мыңнан астам адам екпе алып үлгерді, яғни жоспарланған көлемнің 93,9%-ы орындалды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлімдеді.
Вакцинация науқаны 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін жүреді. Екпе құрамында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сай тұмау вирусының үш нұсқасына – A(H1N1), A(H3N2) және B вирусына қарсы компоненттер бар.
Мемлекеттік бюджет есебінен тегін екпе жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне салынады.
Комитет басшысы азаматтарды уақытылы екпе алуға шақырды.
«Тұмау жүріп жатыр. Сақтық шараларын қолға алыңыздар. Вакцинация тұмауды жұқтыру және оның ауыр асқынуларының туындауын төмендетеді. Екпе алмаған азаматтарды, әсіресе, қауіп тобына жататын адамдарды 1 желтоқсанға дейін тұмауға қарсы вакцинация алуға шақырамны», – деді ол.
Коронавирус бойынша жағдай қандай?
Елдегі коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты, мониторинг жалғасып жатыр.
2026 жылдың басынан бері вирус жұқтырған 381 науқас тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 есе аз. Өлім жағдайлары тіркелген жоқ.