УАЗ «Патриот» жаңарды: несімен ерекшеленеді

Ресейлік УАЗ компаниясы «Патриот», «Пикап» және «Профи» модельдерінің жаңартылған Х нұсқаларын сериялық өндіріске шығарды. Жол талғамайтын көліктің техникалық жабдықталуы айтарлықтай өзгерген. Енді ол жаңа 2 литрлік дизельді қозғалтқышпен, 6 сатылы механикалық беріліс қорабымен және электронды басқарылатын толық жетек жүйесімен жабдықталады. Жаңартылған модельдердің сатылымы 2027 жылы басталады деп жоспарланған.
Жаңа дизель және 6 сатылы беріліс қорабы
Жаңартылған УАЗ «Патриоттың» қозғалтқыш қатарында бұрынғы 2,7 литрлік ZMZ Pro бензин қозғалтқышы сақталған. Оның қуаты – 149 ат күші, айналу моменті – 235 Н·м.
Сонымен қатар модельге жаңа 2 литрлік Sollers 550010 дизельді қозғалтқышы орнатылды. Ол 136 ат күшін береді, ал ең жоғары айналу моменті 320 Н·м-ге жетеді. Бұл көрсеткішке қозғалтқыш 1600 айналым/минут кезінде қол жеткізеді.
Дизельді қозғалтқыш пайдаланылған газды қайта айналдыру жүйесімен және мәжбүрлі регенерация функциясы бар күйе сүзгісімен жабдықталған. Экологиялық стандарты – Еуро-5.
Екі қозғалтқыш та троспен басқарылатын жаңа 6 сатылы механикалық беріліс қорабымен жұмыс істейді.
Толық жетек жүйесі де өзгерді
Жаңартылған «Патриоттағы» маңызды өзгерістердің бірі – толық жетек жүйесін басқару тәсілі. Енді толық жетекті басқару режимдері бұрынғы механикалық тұтқаның орнына орталық тоннельдегі айналмалы селектор арқылы ауыстырылады.
Бұған қоса, ABS, өрге қарай қозғалғанда көмектесу, доңғалақтардың бос айналуына қарсы жүйе және дифференциал құлпын электронды имитациялау функцияларын қамтитын TCS НАМИ белсенді қауіпсіздік жүйесі жетілдірілген.
Салоны мен жабдықтары жаңартылды
Көліктің ішкі бөлігінде алдыңғы панель, руль, қол тірегі және климат-бақылау блогы қайта жасалған. Мультимедиа жүйесі де жаңартылып, смартфондар мен өзге құрылғыларды қосуға арналған USB Type-A және USB Type-C порттары орнатылған. Олар жылдам қуаттауды және деректерді тасымалдауды қолдайды.
Қысқы жағдайда жайлылықты арттыру үшін алдыңғы және артқы орындықтарды, рульді және алдыңғы әйнекті электрмен жылыту функциясы қарастырылған. Сыртқы келбетінде жарықдиодты оптика мен жаңа дизайндағы дөңгелек дискілері көзге түседі.
«Патриоттың» соңғы ірі жаңаруы қашан болды
УАЗ «Патриот» соңғы ауқымды рестайлингті 2016 жылы өткерген. Сол кезде радиатор торы мен салонның алдыңғы панелі өзгеріп, қауіпсіздік жастықтары және тұрақтандыру жүйесі қосылған.
Ал 2018–2019 жылдары модель 150 ат күшіне ие ZMZ Pro қозғалтқышын, жетілдірілген аспа жүйесін және алты сатылы Punch Powerglide автоматты беріліс қорабын алған. Алайда 2022 жылдан кейін санкцияларға байланысты Франциядан жеткізілетін бұл трансмиссияны орнату тоқтатылған.
Енді өндіруші жаңартылған «Патриот Х», «Пикап Х» және «Профи Х» модельдерін 2027 жылы нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.
Тағы да оқыңыз: Әйгілі УАЗ көлігінің экспорт нарығы ұлғаяды