Жыл басынан бері 14 қазақстандық шетелден аса қауіпті инфекция жұқтырып келген

2026 жылдың басынан бері Қазақстанда Денге қызбасының 14 жағдайы тіркелді. Жұқтырған азаматтардың барлығы шетелде демалып келгендер. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде шетелден Қазақстанда әкелінген жұқпалы аурулар туралы айтып берді.
Маманның мәліметінше, қараша айында Денге қызбасын жұқтырғандар анықталған жоқ. Ал жыл басынан бері инфекцияның бұл түрін 14 адам жұқтырған. Инфекция негізінен қазақстандықтар жиі демалатын елдерден әкелінген.
Ауру жұқтырғандардың көбі Алматыда тіркелді. Олар Мальдив аралдарынан (7), Вьетнамнан (2), Үндістаннан (1) және Дубайдан (1) оралған. Барлығы қала бойынша 11 жағдай тіркелген.
Астанада 2 жағдай анықталды, науқастар Вьетнам мен Индонезиядан келсе, Қостанай облысында Вьетнамнан оралған бір азаматтан инфекция табылды.
Бұдан бөлек, биыл елде зертханалық түрде расталған 5 безгек жағдайы тіркелді. Алматыда – 4, Астанада – 1. Науқастардың басым бөлігі Африка елдеріне (Уганда, Гана, Габон, Занзибар) барған, ал бір жағдай Вьетнамнан келген адамнан анықталған.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шетелге, әсіресе тропикалық және инфекциялық аурулар жиі кездесетін елдерге сапар шегер алдында алдын ала дайындалып, сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.
Айта кетейік, Денге қызбасы — маса шағуы арқылы таралатын вирустық инфекция. Көп жағдайда ауру жеңіл өткенімен, дер кезінде медициналық көмек көрсетілмесе, өлімге әкелуі мүмкін қауіпті аурулар қатарына жатады.