Аэротакси, ЖИ, жерсерік: Қазақстан мен Қытай жаңа жобаларды қолға алмақ

Жасанды интеллект, аэротакси және төмен орбиталы жерсеріктер Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарына айналуы мүмкін. Бұл туралы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь журналистермен кездесуде мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2027 жылы екі елдің компаниялары жаңартылатын энергетика мен өңдеу өнеркәсібіндегі бірлескен жобаларды да жалғастырады.
«2027 жылы екі елдің компаниялары жаңартылатын энергетика, жасыл технологияларға қажетті шикізат және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты жалғастырады. Сонымен қатар жасанды интеллект, шағын авиация және төмен орбиталы жерсеріктер саласындағы әріптестік те күн тәртібіне шығады. Қазақстанда жоғары технологияларға негізделген бірлескен жобалар көбейеді деп күтеміз», – деді Хань Чуньлинь.
Қазақстанда қандай бірлескен өндіріс орындары ашылып жатыр
Журналистер елшіден Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық шикізат саудасынан бірлескен өндіріске қарай бет бұрды ма және мұндай жобалар қанша жұмыс орнын ашатынын сұрады.
Бұған жауап ретінде Хань Чуньлинь Жамбыл облысындағы жүгеріден аминқышқылдарын өндіретін зауытты мысалға келтірді. Кәсіпорын іске қосылған кезде жарияланған мәлімет бойынша, жоба аясында шамамен 1 500 жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Тағы бір жоба – Абай облысындағы Ақтоғай мыс балқыту зауыты. Кәсіпорын жылына 300 мың тоннаға дейін катодты мыс өндіре алады. Ал Атырау облысында Қытайдың Sinopec компаниясының қатысуымен жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіруге қауқарлы «Силлено» кешені салынып жатыр.
«Бұл жобалар ынтымақтастығымыздың қосылған құны жоғары өндіріс салаларын да қамтып келе жатқанын көрсетеді. Қазақстан инвестиция, технология және басқару тәжірибесін алады. Мұндай жобалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, мамандар даярлауға және өндірістік тізбектерді дамытуға ықпал етеді», – деп атап өтті дипломат.
Тағы да оқыңыз: Қытай ҚазҰУ базасында энергетикалық зерттеу орталығын құрады