Алматыда бес адамның өмірін жалмаған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды
Жарияланды

Алматының Бостандық ауданында бес адам көз жұмған өртке байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Kursiv.Media-ға Алматы қалалық полиция департаментінен хабарлады.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің қандай бап бойынша қозғалғаны әзірге нақтыланбаған.
Еске сала кетейік, 26 қарашада түнгі сағат 03:44-те Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына төрт минутта жеткен. Алайда сол кезде тұрғын үй толығымен отқа оранған.
Өрт сағат 04:42-де толық сөндірілді. Оқиға орнынан бес адамның, оның ішінде кәмелетке толмаған бір баланың мәйіті табылды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.