Атырауда ҰҚК, полиция және прокуратураның жалған куәліктері сатылған

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: polisia.kz

Атырау облысында мемлекеттік органдардың жалған қызметтік куәліктерін дайындап, сатумен айналысқан күдікті анықталды. Оның үйінен 803 жалған құжат және оларды жасауға арналған жабдықтар тәркіленді. Polisia.kz осылай деп хабарлайды.

23 қарашада полиция Lexus 470 көлігін тоқтатқан. Салонда төрт ер адам болған. Көлікті тексеру кезінде тапанша макетіне ұқсас зат пен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің куәлігі табылған. Тексеру барысында құжаттың жалған екені анықталды. Осыдан кейін полиция жалған куәліктерді дайындады деген күдікпен Атырау облысының 39 жастағы тұрғынын анықтады.

ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек күдіктінің үйін тінту кезінде түрлі мемлекеттік органдардың 803 жалған қызметтік куәлігі тәркіленгенін айтты.

Тәркіленген құжаттардың арасында:

  • 606 ҰҚК қызметкерінің куәлігі;
  • 95 ІІМ қызметкерінің куәлігі;
  • 47 мемлекеттік кірістер органының куәлігі;
  • 46 прокуратура қызметкерінің куәлігі;
  • 9 сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет куәлігі бар.

Сонымен қатар полиция 367 ҰҚК эмблемасын, мөр, компьютерлік техника, принтер, қатқыл диск және жалған құжат жасауға пайдаланылған басқа да заттарды тәркілеген. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті жалған қызметтік куәліктерді сатумен айналысқан. Тоқтатылған көліктегі ер адамдардың бірі одан осындай құжат сатып алғаны анықталды. Қазір осыған қатысты тергеу жүріп жатыр.

Оқи отырыңыз:

Сондай-ақ оқыңыз