Бес адамның өмірін жалмаған өрт: Алматыдағы оқиға орнынан фоторепортаж

26 қарашада Алматының Бостандық ауданында жеке тұрғын үй өртеніп, бес адам, оның ішінде кәмелетке толмаған бір бала қаза тапты. Kursiv.Media қайғылы оқиға болған жерге барып, қазіргі жағдайды біліп қайтты.
Қайғылы оқиға Бостандық ауданындағы Евгений Вахтангов көшесінде болған. Таңертең оқиға орнына апаратын көше қоршауға алынып, бөгде адамдардың өтуіне шектеу қойылған.

Өрт болған үйдің маңында полиция, төтенше жағдайлар департаменті және жедел медициналық жәрдем қызметкерлері жүр. Көшеде бірнеше арнайы қызмет көлігі тұр.

Өрт бірнеше сағат бұрын толық сөндірілгенімен, оқиға орнында арнайы қызмет мамандары әлі де жұмыс істеп жатыр.

Полиция қызметкерлері көшеге арнайы қоршау лентасын тартып, аумаққа кіретін жолды жапқан. Журналистерге де қоршаудан әрі өтуге рұқсат берілмеді. Осыған байланысты өртенген үйдің қазіргі жағдайын жақыннан суретке түсіру мүмкін болмады.

Қайғылы оқиға туралы не белгілі?
26 қарашада түнгі сағат 03:44-те 112 пультіне жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер шақырту түскеннен кейін төрт минуттан соң оқиға орнына жеткен. Алайда сол кезде тұрғын үй толығымен отқа оранған. Өртті сөндіруге шамамен 35 қызметкер мен тоғыз бірлік техника жұмылдырылған. Сағат 04:42-де өрт толық сөндірілген. Оқиға орнынан бес адамның, оның ішінде кәмелетке толмаған бір баланың мәйіті табылды.

Алматы қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өрттің шығу себебі мен қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталуда.