Геннадий Головкин Михаил Шайдоровқа ҰОК-тің ең жоғары марапатын табыстады

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты ҰОК орденімен марапаттады.
25 қарашада Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитеті Бас ассамблеясының жыл сайынғы отырысы өтті. Жиын барысында отандық спорт пен Олимпиадалық қозғалыстың дамуына үлес қосқан спортшылар мен спорт саласының өкілдеріне марапаттар табысталды.
2026 жылы ел тарихында мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоров Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ең жоғары марапаты – ҰОК орденіне ие болды.
Сонымен қатар Данияр Қасқарауов пен Қазақстан таеквондо федерациясының бас хатшысы Арал Садықов «Қазақстан Республикасының Олимпиадалық қозғалысының еңбек сіңірген қайраткері» I дәрежелі құрмет белгісімен марапатталды.
Ауыр атлетикадан ұлттық құрама өкілдері Александр Уваров пен Алексей Чуркин, сондай-ақ таеквондодан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының чемпионы Тамирлан Тілеулес II дәрежелі құрмет белгісіне ие болды.
Дәл осындай марапат Шымкент қаласының таеквондо федерациясының президенті Олжасхан Уәлихан мен Түркістан облыстық таеквондо федерациясының президенті Елдос Ахметовке де табысталды.
Ал таеквондодан жастар арасында әлем чемпионы Айым Серікбаева Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Оқи отырыңыз: Шайдоров 10 жыл жұмыс істеген бапкерімен қоштасқанына пікір білдірді