Өтемақы қорында 8,9 млрд теңге жиналған: жәбірленушілерге қанша ақша төленді

Қазақстанда жәбірленушілерге өтемақы қоры құрылғаннан бері оған шамамен 9,8 млрд теңге түскен. Алайда осы уақытқа дейін қылмыстан зардап шеккен 5,6 мыңнан астам адамға 886,4 млн теңге ғана төленген. Қор қаражатының басым бөлігі әлі жұмсалмаған. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев депутаттардың сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, 2018 жылдан 2026 жылғы 31 қазанға дейін қорға 9,7 млрд теңге түскен. Оның 5 669 жәбірленушіге төленген сомасы 886,4 млн теңгені құрайды. Ал 2026 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қорда 8,8 млрд теңге қалған.
Түскен қаражаттың негізгі бөлігі, яғни 9,2 млрд теңгесі немесе 94%-ы сот өндіріп алатын мәжбүрлі төлемдерден құралған. Тағы 116,4 млн теңге регрестік өндіріп алу тәртібімен түскен.
Өтемақы алу қанша уақытқа созылады
Қаржы министрлігі өтемақы төлеу процесінің әр кезеңіне әртүрлі мемлекеттік орган жауапты екенін түсіндірді. Атап айтқанда, өтемақы тағайындау туралы шешімді Қаржы министрлігі емес, қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар қабылдайды.
Олар жәбірленушілерге өтемақы алу құқығын түсіндіріп, өтініштерін қарайды және төлем алушылардың тізімін Қаржы министрлігіне жолдайды. Ал министрлік осы тізім негізінде төлем құжаттарын әзірлеп, ақшаны азаматтардың банк шоттарына аударады.
Заң бойынша Қаржы министрлігі тізілімді алғаннан кейін 10 күнтізбелік күннен кешіктірмей өтемақы төлеуі керек. Алайда бұл мерзім өтініш берген сәттен бастап есептелмейді.
«Жәбірленушінің өтініш беруінен бастап Тізілім келіп түскенге дейінгі уақыт алдыңғы рәсімдермен айқындалады, сондықтан өтемақы алудың жалпы ұзақтығы мәселесі оны тағайындау туралы шешім қабылдайтын органдармен бірлесіп қарауды талап етеді», – деп жазылған министрдің жауабында.
Өтемақы мөлшері ұлғая ма
Депутаттардың өтемақы көлемін арттыру туралы мәселесіне қатысты министрлік қолданыстағы төлем мөлшерлеріне тоқталған.
Қылмыстық кодекстің 98-2-бабына сәйкес, қорға аударылатын мәжбүрлі төлемдер 5 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін белгіленген. Ал жәбірленушілерге төленетін өтемақы мөлшері 30-дан 50 АЕК-ке дейін өзгереді.
Қаржы министрлігінің пікірінше, өтемақы көлемін арттыру үшін тек төлем мөлшерін өзгерту жеткіліксіз. Бұл мәселені Қылмыстық кодексте көрсетілген мәжбүрлі төлемдердің көлемін қайта қараумен бірге кешенді түрде қарау қажет.
Өтемақы төлеу процесі цифрландырыла ма
Министрлік төлемдерді қалыптастыру және аудару жұмыстарын қазір «е-Минфин» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізетінін хабарлады.
Сонымен қатар өтемақы алушылар туралы деректер қате көрсетілген жағдайда төлемдер кері қайтарылуы мүмкін. Мұндай кезде қылмыстық қудалау органдары мәліметтерді түзетіп, азаматтарды келесі төлем тізіміне енгізеді.
Министрлік өтемақыны негізсіз тағайындау және алушылардың деректерін тізілімде қате көрсету үшін тиісті қылмыстық қудалау органдарының басшылары жауапты екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта Қаржы министрлігі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, ақпараттық жүйелерді интеграциялау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл тізілімдерді қабылдау мен жүргізілген төлемдер туралы хабарламаларды автоматты түрде жіберуге мүмкіндік бермек.