Қазақстан мен Ресей көлік дәліздерін дамытуға келісті

Биылғы 10 айда Қазақстан мен Ресей арасында теміржол арқылы 80,5 млн тонна жүк тасымалданған. Сонымен қатар екі ел аумағы арқылы өтетін Қытай – Еуропа бағыты бойынша транзит көлемі де артып келеді.
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – көлік министрі Әсел Жанасова Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Андрей Никитинмен кездесіп, екі ел арасындағы көлік дәліздерін дамыту және жүк тасымалын арттыру мәселелерін талқылады.
Кездесуде шекара маңындағы инфрақұрылымды жетілдіру, көлік саласын цифрландыру, әуе қатынасын кеңейту және автомобиль бағыттарын дамыту мәселелеріне назар аударылды.
Әсел Жанасованың айтуынша, Ресей – Қазақстанның негізгі көлік серіктестерінің бірі. Екі ел арасында тасымал көлемін арттыруға және көлік дәліздерінің мүмкіндіктерін кеңейтуге әлеует жеткілікті. Ол сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізу мен тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті.
Тасымал көлемін одан әрі ұлғайту үшін тараптар шекара маңындағы инфрақұрылымды үйлесімді дамытудың маңызын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарға өткен жылы транзиттік және түйіспе пункттерін дамыту жөнінде жасалған келісімдер негіз болмақ.
Кездесуде Қазақстан – Ресей – Моңғолия бағыты бойынша Алтай Республикасы арқылы өтетін автомобиль маршрутын дамыту перспективасы да қаралды.
Бұдан бөлек, тараптар электрондық құжат айналымын жетілдіру, өткізу пункттеріне цифрлық шешімдер енгізу және екі елдің ақпараттық жүйелерін интеграциялау мәселелерін талқылады. Жол шаруашылығын цифрландыру, зияткерлік көлік жүйелерін енгізу, жол сапасын бақылау және көпірлерді басқару салаларындағы тәжірибе алмасу да күн тәртібінде болды.
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Ресей көлік саласындағы серіктестікті нығайтып, талқыланған бағыттар бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.