Визасыз режим: Қытайға барған қазақстандықтар саны елге келген қытайлықтардан көп

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві

Қытайға сапарлайтын қазақстандықтардың саны артып келеді. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 690 мың отандасымыз көрші елге барған. Бұл – былтырғы бір жылдық көрсеткіштің 95%-ына жуық. Қытайдың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь екі ел арасындағы визасыз режим туристік сапарлардың артуына қалай әсер еткенін айтты.

Оның сөзінше, визасыз режим енгізілгелі бері екі ел азаматтары бір-біріне жиі қатынай бастаған. Ал тікелей әуе рейстерінің көбеюі туризмді дамытуға қосымша мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстандықтар Қытайға жиі бара бастаған

2025 жылы Қазақстанға Қытайдан 969 мың турист келген. Ал қазақстандықтар Қытайға 730 мың рет сапар жасаған.

Биылғы алғашқы тоғыз айда Қазақстанға 537 мың қытайлық турист келсе, Қытайға барған қазақстандықтардың саны 690 мыңға жеткен. Осылайша, отандастарымыздың көрші елге жасаған сапары былтырғы жылдық көрсеткіштің 95%-ына жуықтады. 2025 жылғы деңгейге жету үшін тағы 40 мың сапар қажет.

Хань Чуньлинь визасыз режим екі ел арасындағы туристік алмасуға оң әсер еткенін атап өтті.

«Визасыз режимнің арқасында Қазақстан мен Қытай азаматтарының өзара сапарлары тұрақты түрде артып келеді. Қазақстан тарапының мәліметінше, 2025 жылы елімізге Қытайдан 969 мың турист келген, ал Қазақстан азаматтары Қытайға 730 мың рет сапар жасаған», – деді елші.

Қытайдың 11 қаласынан Қазақстанға тікелей рейс бар

Дипломат екі ел арасындағы әуе қатынасының дамуына да тоқталды. Қазір Қытайдың 11 қаласынан Қазақстанға тікелей рейстер қатынайды.

«Бұл туризмді дамытуға және екі ел арасындағы туристік алмасуды кеңейтуге қосымша мүмкіндік береді», – деді Хань Чуньлинь Қытай елшілігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Еске салайық, Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим 2023 жылғы 10 қарашада күшіне енді. Келісім бойынша екі елдің азаматтары көрші мемлекеттің аумағында бір сапар барысында 30 күнге дейін визасыз жүре алады. Алайда 180 күн ішіндегі жалпы болу мерзімі 90 күннен аспауға тиіс.

Визасыз режим туристік, жеке және кейбір іскерлік сапарларға, сондай-ақ транзит пен емделуге қолданылады. Ал жұмысқа орналасу, оқу және өзге де жекелеген мақсаттар үшін тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдеу қажет.

Тағы да оқыңыз: Аэротакси, ЖИ, жерсерік: Қазақстан мен Қытай жаңа жобаларды қолға алмақ

Сондай-ақ оқыңыз