Аяз, боран және көктайғақ: демалыста ауа райы бұзылады

Алдағы күндері елде аяз күшейіп, көптеген өңірде ауа температурасы күрт төмендейді.
«Қазгидромет» РМК 28, 29 және 30 қарашаға ауа райы болжамын жариялады. Оған сәйкес алдағы күндері ел аумағы бойынша ауа райы тұрақсыз болады. Жаңбыр мен қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болып, жел күшейіп, боран соғады.
30 қарашада Қазақстанның шығысында қалың қар жауады, ал оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында қатты жауын-шашын күтіледі.
Ауа температурасы біртіндеп төмендейді. 30 қарашаға қарай түнде еліміздің батысында -5–12°С, солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында -10–18°С, шығысында -7–12°С, ал таулы аудандарда -15–20°С-қа дейін төмендейді.
Еліміздің қалған аумағында ауа температурасының айтарлықтай өзгермейді.
Сонымен қатар 26 қарашада полиция мен құтқарушылар азаматтарды жолда сақ болуға шақырды. Қазгидромет болжамынша бүгін кей өңірде жаңбыр мен қар жауып, жел күшейеді. Жолдарда көктайғақ болуы мүмкін.