Атырауда мектеп дәретханасына бейнекамералар орнатылғаны анықталды

Атырау қаласындағы мектептердің бірінде дәретханаға бейнебақылау камералары орнатылғаны анықталды.
Жергілікті прокуратура осы арқылы 1 400-ден астам баланың құқығы бұзылған деп отыр.
«Бұл жағдай баланың психологиялық және эмоционалдық зардаптарға ұшырау қаупін тудырады. Аталған фактілердің барлығы бойынша қадағалау актісі бойынша бұзылған құқықтар қалпына келтіріліп, кінәлілер жауаптылыққа тартылды», – делінген ақпаратта.
Жалпы, Атырау облысының прокуратурасы 4 мыңнан астам баланың конституциялық құқығын қорғаған.
Мысалы, Махамбет ауданындағы З. Ещанов атындағы балалар өнер мектебі 400-ден астам баланың дербес деректерін шетелдік цифрлық платформада (кітапханада) жариялаған.
Жылыой ауданындағы №6 мектепте 2 000-нан астам оқушының дербес деректері ата-аналарының келісімінсіз оқу орнына қатысуды есепке алатын бағдарламаға енгізілген.
Айта кететін жайт, Түркістан облысында 96 ерекше балаға 9 млн теңге әлеуметтік көмек төленбей келген.