Бас прокуратура мәслихат сайлауы алдында үндеу жасады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Бас прокурор үндеу жасады / Фото: shutterstock

29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы қарсаңында Бас прокуратура азаматтарға үндеу жариялады. Ведомство сайлау алдындағы үгіт-насихатқа қойылатын шектеулерді еске салып, заң бұзғандарға айыппұл салынатынын ескертті.

Бас прокуратураның мәліметінше, қазіргі уақытта сайлау заңнамасын бұзудың 13 фактісі анықталған. Оның жетеуі үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде үгіт-насихат жасаумен байланысты. Заң бұзғандардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Үгіт-насихат қашан аяқталады?

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, сайлау алдындағы үгіт 28 қараша сағат 00:00-де аяқталады. Осылайша 28 және 29 қараша күндері кез келген үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады.

Бұл ретте сайлау комиссиялары мен дауыс беру орындарынан тыс жерлерде бұрын ілінген баспа үгіт материалдарын орнында қалдыруға болады. Интернетте бұрын жарияланған материалдарды да өшіру міндетті емес. Алайда оларды сайттар мен интернет-ресурстардың басты бетіне қайта шығаруға болмайды. Сондай-ақ толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіріп, оны дауыс беру күні таратуға тыйым салынады.

Қандай әрекеттер үшін айыппұл салынады?

Үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде заң бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша айыппұл салынады. Оның мөлшері:

  • жеке тұлғаларға – 15 АЕК;
  • шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК.

Дауыс беруге бес күн қалғанда және сайлау күні бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау болжамдарын және кандидаттар мен партияларды қолдап дауыс беру көрсеткіштерін жариялауға болмайды.

Сайлау күні дауыс беру орындарында қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге де тыйым салынған. Бұл талапты бұзған жеке тұлғаларға 10 АЕК, заңды тұлғаларға 25 АЕК айыппұл салынады.

Бейбіт жиналыстар мен жалған ақпаратқа қатысты ескерту

Бас прокуратура азаматтарға бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібін де еске салды. Жиналыстар, митингілер мен пикеттер үшін хабарлама беру, ал демонстрациялар мен шерулер үшін келісім алу қажет.

Белгіленген тәртіпті бұзып, бейбіт жиналыстар ұйымдастырғандар мен оларға қатысқандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауапқа тартылады. Егер мұндай әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік туындауы мүмкін.

Сонымен қатар Бас прокуратура масс-медиада жалған ақпарат пен заңға қайшы контент таратпауға шақырды. Мұндай әрекеттер үшін жағдайға қарай Қылмыстық кодекстің 274-бабы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған.

29 қарашада мәслихат депутаттары сайлауы өтеді. Депутаттар бес жылға сайланады. Сайлау науқаны кезінде 227 мәслихатқа 3 447 депутатты сайлау жоспарланған. Оның ішінде 668 мандат облыстық, 626 мандат қалалық және аудандық мәслихаттарға тиесілі болады.

Сондай-ақ оқыңыз